Берікбай НҰРЫМБЕТОВ: «Өзіме сенімдімін, бірақ бәрін де ринг шешеді»
30 қаңтар күні Алматыда Берікбай Нұрыбетовтің кәсіпқой бокс рингіндегі тырнақалды жекпе-жегі өтеді. 24 жастағы боксшы осы жекпе-жектен бір күн бұрын өткен салмақ өлшеу рәсімінде Diamond Ring тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
– Берікбай, жекпе-жек алдындағы көңіл-күйіңіз қалай? Толқып жүрсіз бе?
– Көңіл-күй жақсы, шыдай алар емеспін. Шынымды айтсам, өзімді кәсіпқой боксшы ретінде сынап көруге асықпын. Рингке шығу мен үшін үйреншікті жағдай ғой. Әйтсе де, аздап толғанып жүргенім де рас. Қанша дегенмен, бұл менің кәсіпқой бокстағы – алғашқы жекпе-жегім.
– Кәсіпқой боксқа ауысуыңызға не түрткі болды?
– Егер, бала кезімнен осыны аңсап едім десем, сізді таң қалдыра қоймаспын. Бокспен айналысқаныма 15 жыл болды. Спорттың осы түрінсіз өмірімді көз алдыма елестетет алмаймын да. Енді, міне, Diamond Ring компаниясының арқасында сол арманымды жүзеге асыра аламын. Кәсіпқой боксшы ретінде жетіле түсуіме тамаша мүмкіндік туындап отыр. Ал ол үшін міндетті түрде шет ел асып кетудің қажеті жоқ. Өйткені Diamond Ring – отандық компания.
Енді осындай мүмкіндікке қол жеткізе отырып, оған немқұрайлы қарамау керек екендігін жақсы түсінемін. Бұл да – адамға күнде беріле бермейтін бақ. Сол үшін аянбай еңбек етуім керек. Жанкештілік пен жігерлілік, табандылық пен қажырлылық қажет. Мен үшін бұл – үлкен сынақ. Мен осының бәріне дайынмын!
– Әуесқой бокстағы өміріңіз бен өнеріңіз қалай өтті?
– Әуесқой бокс рингінде 140 жекпе-жек өткіздім. Халықаралық турнирлерде де, Қазақстан шаршы алаңдарында да, өз елімізде де, түзде де жұдырықтастым. Ең басты жетістігім – 2009 жылы жастар арасында ел чемпионы болуым. Әрине, басқа турнирлерде де қол жеткізген жүлделерім бағалы. Олардың бәрі де шүмектетіп төккен тердің арқасында келген.
– Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіңізге көп дайындалдыңыз ба? Жаттығу жұмыстарында айырмашылық бар ма екен?
– Қарқынды жаттығу жұмыстарына осыдан бір ай бұрын кіріскенмін. Қарағандыда бастап, Diamond Ring компаниясымен келісім-шартым оң шешімін таба бастағанда, Астанаға ауыстым. Сонда жалғастырдым.
Ал әуесқой бокстан айырмашылығы жөнінде айтар болсақ… Әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, төзімділік пен шыдамдылыққа көп көңіл бөлініп, телегей-теңіз тер төгіледі. Екіншіден, дайындық жұмыстарының өзі нақты қарсыласыңа байланысты құрылады. Қарсыласыңның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін зерттеп, білуің керек. Қазірден-ақ әрбір жекпе-жектің жаттығу жұмысын әр қилы өткізу керектігін сеземін.
– Айтпақшы, қарсыласыңыз жөнінде не айтар едіңіз?
– Александр Бенидзе – қарымды боксшы. Кәсіпқой бокста 33 жекпе-жек өткізген. Ал бұл дегеніңіз – тәжірибе. Алайда бұл екінші жағынан бізге оны егжей-тегжей зерттеп білуге және тактикалық жоспар құруға мүмкіндік берді. Алғаш танысқанымызда ол өзін кәнігі спортшы, өзіне сенімді боксшы, қарапайым адам ретінде көрсетті.
– Ертең өзіңіздің жеңіске жететіндігіңізге сенімдісіз бе?
– Мен өзіме сенімдімін, бірақ кесіп айтқым келмейді. Бәрі де Алланың қалауымен. Әзірше айтарым, аянбай тер төктім, жан-жақты дайындалдым. Қалғанын ринг шешеді.