Берікбай Нұрымбетов Алматыда айқасады
Берікбай өзінің үшінші жекпе-жегін 24 қыркүйек күні Алматыдағы «Дауыл гуілі» шоуы аясында тәжірибелі Украина боксшысымен өткізеді.
24 қыркүйек күні Алматыда өтетін кәсіпқой бокс шоуы андеркартында бос орын бар екені мәлім болған бетте, Берікбайдың промоутерлері оның келесі жекпе-жегін Польшада емес, өз жерімізде өткізу туралы шешім қабылдады.
Әрі бұл жекпе-жектегі қарсыласы да ауысты. Енді Берікбай Украинаның кәсіпқой боксшысы Валентин Куцпен айқасады.
36 жастағы Валентин Куц өзінің кәсіпқой бокс рингіндегі карьерасында IBO тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпиондық атақтан да, IBC тұжырымы бойынша чемпиондық атақтан да үміткер болған. Сондай-ақ 2010 жылы ЕВА тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған. Украина қыраны әзірше 27 жекпе-жек өткізіп, оның 22-ісінде жеңіске жетіп (8 KO), бес рет жеңілістің кермек дәмін татқан.
Әйтсе де, бұл Берікбайдың тәжірибесі өзінен әлдеқайда жоғары боксшымен жұдырық түйістіргелі отырған алғашқы жекпе-жегі емес. Нұрымбетов кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет шыққанда, сол мезетке дейін 33 жекпе-жек өткізген Александр Бенидземен айқасқан болатын.
Берікбайдың жартылай орта салмақтағы алдағы жекпе-жегі 6 раундқа созылады. Естеріңізге сала кетейік, бұл шоудың басты жекпе-жегінде үш дүркін әлем чемпионы Иса Ақбербаев пен Германияның нокаутшы тарланы Майк Курцвейл әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Осы жекпе-жектің андеркартында Diamond Ring компаниясының тағы бір боксшысы Айдар Шәрібаев пен Али Ахмедов, Фируза Шәріпова, Александр Журавский сынды отандастарымыз бақ сынайды.