Бекман Сойлыбаевтың міндетті қарсыласы Аргентинадағы жекпе-жекте жеңіске жетті

2017 ж. 22 маусым
Бекман Сойлыбаевтың міндетті қарсыласы Аргентинадағы жекпе-жекте жеңіске жетті

Бекман Сойлыбаевтың WBC International чемпиондық атағынан міндетті үміткер аргентиналық боксшы Орацио Кабрал кәсіпқой шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Сегіз раундқа жоспарланған Буэнос-Айрестегі айқаста Кабрал төрешілердің бірауызды шешімімен өзінің отандасы Роберто Франсиско Огасаны Огасаны (6-5-2, 2 KO) ұтты. Осылайша Орацио WBC рейтингінің екінші жеңіл салмақ дәрежесінде 22-орынға көтерілді. Сондай-ақ, Кабралдың еншісінде WBC International silver чемпиондық атағы бар. Жалпы, кәсіпқой рингте аталмыш боксшы 20 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Қалған 19 айқастың барлығында қарсыластарынан абсым болды.

– Бұл туралы естідім. Соңғы айқасында оңай жеңіске жетіпті. Негізі, Орацио Кабрал – өте мықты боксшы. Кез келген қашықтықтан соққы жасай алады. Бірақ, біздің айқасымыз мүлдем басқаша болады. Екеуміз кездесетін күнді асыға күтіп жүрмін. Қызық жекпе-жек болады деп ойлаймын. Өзім ақырындап жаттығуды бастадым. Жаздың соңына таман толық дайын боламын, – деді Кабрал жайлы Бекман Сойлыбаевтың өзі.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша WBC International белбеуінің иегері өзінің чемпиондық атағын айқастан кейінгі алты айдың ішінде қорғауы тиіс. Сойлыбаев пен Кабралдың арасындағы жекпе-жек осы жаздың соңында Астана қаласында өтеді деп күтілуде.

Жалпы, қазіргі таңда Бекман Сойлыбаевтың еншісінде 11 айқас бар. Барлығында жеңіске жетіп, соның төртеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген. Соңғы айқасын 30 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында өткізіп, екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған.

Текст: Sadvakas Maikibayev