Бекман Сойлыбаев венесуэлалық боксшымен айқасады

2017 ж. 23 сәуір
Бекман Сойлыбаев венесуэлалық боксшымен айқасады

Кәсіпқой бокста барлық кездесуінде жеңіске жүрген Бекман Сойлыбаевтың алдағы айқастағы қарсыласы анықталды. Жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC EPBC және WBA NABA чемпионы 29 сәуір күні Венесуэла боксшысы Самуэль Гонсалеспен жұдырықтасады.

Өз елінде «Эль Пана» деген атпен танымал ол кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, соның 13-ін өз пайдасына аяқтаған екен. Соның тоғызын нокаутпен жеңген. Соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсанында жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген мексикалық Хулио Барразаға қарсы өткізіп, сегізінші раундта айқын басымдықпен ұтқан.

Енді Бекман Сойлыбаев пен Самуэль Гонсалес арасындағы айқас 29 сәуір күні Мексиканың Росарито қаласында Канело мен Хулио Сезар Чавестің туған ағалары Рамон Альварес пен Омар Чавес арасындағы жекпе-жектің андеркартында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, WBC EPBC және WBA NABA чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев бүгінде әйгілі бапкер Эрик Браунның қарамағында Лос-Анджелесте жаттығып жүр. Кәсіпқой бокста 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Текст: Sadvakas Maikibayev