Бекман Сойлыбаев әуесқой бокста өз салмағында Қазақстанның мықтысы кім екенін айтты
Шымкентте өтіп жатқан әуесқой бокстан Қазақстан чемпионатында жартылай финалға жолдама алып, жүлделі орындарға таласатын боксшылардың барлығы анықталды. Кезінде әуесқой бокстан әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Бекман Сойлыбаев өзінің салмағы – 60 келідегі боксшылардың тартысы туралы пікірін білдірген еді.
Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев 2014 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында атой салып, сол жылы кәсіпқой боксқа ауысқан. Содан бері 12 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Еншісінде екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуі бар.
– Биылғы Қазақстан чемпионаты бұрынғыларға қарағанда қызық болып тұр. Әсіресе, 60 келіде кіл мықтылар жиналған. Арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де жетерлік. Біраз боксшыларды бұрыннан танимын. Жартылай финалға шыққан квартеттің ішінде Берік Әбдірахманов пен Зәкір Сафиулин екеуімен шаршы алаңда кездескенмін. Семейлік Әділет Құрметов пен алматылық Ертуған Зейнуллинов те чемпиондыққа лайық. Дегенмен, менің фаворитім – Берік Әбдірахманов. Оның тәжірибесі де мол, шеберлігі де басымдау. Дәл қазір бабында секілді. Сондықтан, 60 келіде бірінші орын Маңғыстауға кететін шығар. Жалпы, бұл чемпионат “тосын сыйларға” толы болып тұр. Мысалға, Жәнібек Әлімханұлын алматылық жас боксшыдан ұтылып, чемпионатты ерте аяқтайды деп ойламаған едім. Дайындығы аздау болған сияқты, – деді Бекман Сойлыбаев.
Жалпы, Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокстағы соңғы айқасын 19 қазан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткізіп, мексикалық Фернандо Варгасты жеңген болатын.