Бекман Сойлыбаев: Мексикалықты құлатуға Шәрібаевтың шамасы жетеді
Қазақ боксшысы екінші жеңіл салмақтағы WBA NABA және WBC Eurasia Pacific чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев отандасы Айдар Шәрібаевтың алдағы жекпе-жегіне өз болжамын жасады.
Оның ойынша «Албанның» алдағы қарсыласы мексикалық Хуан АОкура өте қарымды. Дегенмен, Айдар Шәрібаев үшін бұл боксшы еш қиындық тудырмауы тиіс.
Мексиканың бокс мектебін о бастан әлем мойындаған ғой. Хуан Окура кәсіпқой бокста 18 шаршы алаңға шығып, оның 11-інде жеңіске жетіпті. Бірақ, меніңше бұл айқас Айдар Шәрібаевтың жарқын жеңісімен аяқталуы тиіс. Айдарды әуесқой бокстан танимын. Оның жұдырықтасу мәнері жанкүйерлерге де ұнайды. Кәсіпқой бокста әр жекпе-жек сайын ысылып, тәжірибе жинап келеді. Айдар жай ғана жеңіске жеткенді ұнатпайды, қарсыласын құлатқысы келіп тұрады. Оның оң қолы жойқын күшке ие. Алайда, бірінші раундтан бастап нокаут жайлы ойлауға кеңес бермес едім. Ал құлатуға уақыт та, мүмкіндік те болады. Оған Шәрібаевтың шамасы жетеді, – деді Бекман Сойлыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының боксшысы Айдар Шәрібаев өзінің келесі жекпе-жегін 29 қазан күні Алматыдағы бокс кешінде өткізеді. Оның қарсыласы мексикалық боксшы Хуан Окура (11 (4 КО)-6-1) болмақ.