Бекман Сойлыбаев – Ковалев пен Шабранский арасындағы айқастан нокаут күтеміз
Жексенбі күні таңертең Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер Гардендегі» кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде шаршы алаңға ресейлік Сергей Ковалев пен украиналық Вячеслав Шабранский шығады.
Бұл жекпе-жекте WBO тұжырымының жартылай ауыр салмағындағы чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Жекпе-жектің қалай өрбитіні жайлы өз ойымен Бекман Сойлыбаев бөлісті.
– Андре Уордпен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңілгеніне қарамастан «Крашер» бұл айқастардан үлкен тәжірибе жинады. Шабранскийдің шамасы қаншалықты зор екенін білмедім. Дегенмен, бұл жекпе-жек соңына дейін жетпеуі де мүмкін. Бірінші раунд аңдысумен өтуі мүмкін. Бірақ қалған раундтардың барлығы қызықты өтеді деп отырмын. Ковалевтің тәжірибесі Шабранскийге қарағанда көбірек. Құлатуға тырысатын да шығар. Алайда, асықпағаны жөн. Меніңше бұл жекпе-жектің тағдыры соңғы раундтарда шешіледі немесе төрешілердің бірауызды шешімімен «Крашер» жеңіске жетеді, – деді Бекман Сойлыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ал Ковалев пен Шабранский арасындағы айқас 26 қараша күні таңертең өтеді. Қазақстанда бұл жекпе-жекті таңертең сағат 8:00-ден бастап тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді.