Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді

2017 ж. 11 наурыз
Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев Калифорния штатының Тустин қаласында өзінің оныншы жекпе-жегін өткізіп, алты раундқа созылған айқаста төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Герман Мераз – өте тәжірибелі, әккі боксшы. Кәсіпқой бокста 99 жекпе-жек өткізіп, 55 қарсыласын жеңген, біреуінде тең түсіп, қалғандарын жеңілген. Есепке алынбаған тағы бір кездесуі бар. Ал Сойлыбаев жарақатына байланысты он ай үзілістен кейін шаршы алаңға енді ғана шығып отыр.

Гонг үні естіле салысымен шабуылға шыққан Бекман алғашқы раундтан-ақ тізгінді өз қолына алды. Әртүрлі комбинациялармен қарсыласының әбден сілікпесін шығарып, қорғанысқа көшуіне мәжбүр етті. Мексикалық боксшылардың үнемі алға атойлап шабатындығына үйреніп қалғанбыз ғой, Мераздың шаршы алаңдағы мәнері басқа екен. Екінші нөмірде қашып жүріп жұдырықтасты. Соның кесірінен Сойлыбаевқа қажетті ара-қашықтықты табу қиын болып, қарсыласын құлата алмады. Бірақ мексикалық боксшы бәрібір қазақ жұдырығын сезініп қайтты. Жекпе-жектен қабағы жарылып шығып, Бекманның шортыйын қанға бөкті.

Осылайша төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске Бекман Сойлыбаев жетті. Есеп – 60:54, 60:54, 59:53. Жекпе-жектен кейін ұйымдастырушылар осы жеңістің құрметіне орай Сойлыбаевқа арнайы символикалық чемпиондық белбеуді тарту етті.

Бекман и его команда после победы

Бекман және оның командасы жеңістен кейін

– Жақсы айқас болды. Бірақ ойлағанымның бәрін жүзеге асыра алмадым. Өйткені, қарсыласым ұстатпайтын боксшы екен. Аяғы да жылдам. Қашып жүріп жұдырықтасады. Өзі де онша соққы жасамағанымен өзіне де соққы көп өткізе қоймайды екен. Енді шабуыл бастап келе жатсаң болды, үстіңе асылып, жабыса кетеді. Өте тәжірибелі боксшы екені көрініп тұр. Басы да цементтен жасалған ба деп қалдым. Олай дейтінім, қанша ұрып жатсам да құламады ғой. Дегенмен, алты раундта бірде бір ентікпедім. Мүлдем шаршаған жоқпын. Қайта бір жағынан айқасты аяғына дейін өткізгенім дұрыс болды. Келесі жекпе-жектерде 10 раундтық боксқа да дайын боламын, – деп ағынан жарылды Бекман.

Мұнымен Сойлыбаевтың жаттығу жиыны аяқталмайды. Әлі екі ай АҚШ-та Эрик Браунның қарамағында жаттығатын жерлесіміз бұдан да мықты боксшыларға қарсы дайындалады. «Diamond Ring» боксшысының келесі жекпе-жегі шамамен сәуір айында өтеді деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Сойлыбаев өткен жылдың қысында АҚШ-та WBA NABA чемпиондық белбеуін жеңіп алған. Одан кейін мамыр айында Астанада өткен кәсіпқой бокс кешінде WBC тұжырымы бойынша Еуразия және Мұхит аралдары аймағының екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпионы атанды. Кәсіпқой шаршы алаңда осымен оныншы жекпе-жегін өткізіп, барлығында жеңіске жетіп отыр. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңген.

Текст: Sadvakas Maikibayev