Бекман Сойлыбаев “Хабар” телеарнасында Уорд – Ковалев жекпе-жегін жүргізеді

2016 ж. 12 қараша
Бекман Сойлыбаев “Хабар” телеарнасында Уорд – Ковалев жекпе-жегін жүргізеді

Кәсіпқой бокстағы қазақтың күрзі жұдырықты қырандарының бірі Бекман Сойлыбаев теледидарда комментатор қызметін атқарып көреді.

Сойлыбаев Лас-Вегастағы бокс кеші кезінде былғары қолғабын теледидар микрофонына ауыстырады. Бұл кештегі негізгі жекпе-жек америкалық Андре Уорд пен ресейлік Сергей Ковалев арасындағы айқас болады. Бекман «Хабар» телеарнасы эфирінде қазақ тіліндегі шолушы ретінде өз ойын ортаға салып, жекпе-жекті жүргізіп отыратын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Астана уақытымен аталмыш бокс кеші 20 қараша күні таңертең өтеді. Шарша алаңға алғашқылардың бірі болып, қазақтың “Астана Арланс” клубының бұрынғы боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов шығып, Уорд – Ковалев жекпе-жегінің андеркартында бақ сынайды.

Уорд – Ковалев жекпе-жегінде Ресей боксшысына тиеслі WBA, WBO және IBF тұжырымдарының чемпиондық атақтары мен белбеулері сарапқа салынады. Айта кету керек, осы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы салмақ дәрежесіне қарамай әлемдегі ең үздік боксшылар рейтингісінде көш бастаудан ең басты үміткер болып табылады.

Текст: Sadvakas Maikibayev