Бекман Сойлыбаев Головкин мен Альварес арасындағы айқастағы өз фаворитін айтты

2017 ж. 8 мамыр
Бекман Сойлыбаев Головкин мен Альварес арасындағы айқастағы өз фаворитін айтты

Әлем боксының жарқын жұлдызына айналған Бекман Сойлыбаев қыркүйек айында өтетін Геннадий Головкин мен мексикалық Канело Сауль Альварес арасындағы айқасқа өз болжамын жасады.

Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпионының пікірінше, Канелоның жұдырықтасу мәнері Головкинге өте ыңғайлы.

– Шынын айтсақ, Канело мен Чавес арасындағы айқас мүлдем ұнаған жоқ. Мексикалық екі мықтының жекпе-жегін тамашалаймыз деп ойлаған едік, алайда ақша үшін шаршы алаңға шыққан боксшылардың жай ғана спаррингтік кездесуіне куә болдық. Тек кештің соңғы жағы ғана көңілден шықты. Ортаға Геннадий Головкин беттеп, шаршы алаңға шыққанда ғана ұйымдастырушылардың кешті керемет ұйымдастырғанына көзім жетті. Осылайша көптен күткен жекпе-жек те биылдан кешікпей өтетін секілді. Дегенмен, Канело мен Чавес арасындағыдай «спектакль» ол жолы өтпейді. Мен, тіпті, Triple G Альваресті соңғы раундтарда нокаутпен жеңеді деп бәс тігіп отырмын. Мексикалық боксшының жұдырықтасу мәнері Головкинге өте ыңғайлы. Ол Джейкобс емес. Америкалық өзінің бойшаңдығы мен физикалық әлеуетінің арқасында 12 раундқа шыдаған болатын. Ал Канелоның бойы да пәс және техникалық арсеналы да Геннадиймен салыстыруға келмейді. Сондықтан, қыркүйекте жерлесіміздің орындауындағы кезекті Big drama show-ды асыға күтемін, – деді Бекман Сойлыбаев.

Айта кетейік, 6 мамырда Лас-Вегасты ғаламат кәсіпқой бокс кеші өтіп, мексикалық мықтылардың текетіресінде Сауль Альварес отандасы кіші-Хулио Сезар Чавесті жеңген болатын.

Өз кезегінде Бекман Сойлыбаев соңғы жекпе-жегінде венесуэлалық Самуэл Гонсалесті тізерлетіп, WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған-ды. Жалпы, «Diamond Ring» боксшысының еншісінде 11 жекпе-жектен кейін 11 жеңіс бар.

Текст: Sadvakas Maikibayev