Бекман Сойлыбаев Фернандо Варгасты жеңіп, WBC International белбеуін сәтті қорғады

2017 ж. 20 қазан
Бекман Сойлыбаев Фернандо Варгасты жеңіп, WBC International белбеуін сәтті қорғады

Қазақстан кәсіпқой боксшысы Бекман Сойлыбаев Лас-Вегаста WBC International чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасқан жерлесіміз төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Golden Boy Promotion ұйымдастырған Лас-Вегастағы бұл жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын. Айдас соңына дейін жеткенімен жерлесіміздің жеңісі сенімді болды.

Бірінші раундтағы алғашқы соққыны қазақстандық боксшы жасағанымен Фернандо Варгастың бастапқы қарқынды еді. Алға қарай шабуылдап, жерлесімізді тығырыққа тіреуге тырысты. Алайда, Бекман тізгінді өз қолына тез-ақ қайтарды. Қорғана жүріп шабуылдап, сериялық соққыларымен мексикалықты ес жидырған жоқ. Үнемі алға адымдап, бірінші нөмірмен қимылдады. Бірінші раунд сөз жоқ жерлесіміздің еншісіне жазылды.

Рас, Варгас Сойлыбаевтың бұрынғы қарсыластарына ұқсамайды екен. Сауатты жұдырықтасады. Дер кезінде соққылардан қашып үлгереді. Өзі де жұдырықтарын дәл сілтеп, қажет кезінде құшақтасып қалудан да қысылмайды. Джебтері де қауіпті. Қатты қиналып бара жатқанда аузындағы капасын түкіріп тастап, айқасты тоқтатып қойып жатқанын да көрдік. Дегенмен, жаттығу жиындарында мұндай нәрселердің барлығының алдын алған Бекман бәріне де дайын еді.

Көзді ашып-жұмғанша жекпе-жектің жартысы артта қалды. Қарсыласына қарағанда жерлесіміз тың еді. Варгасты бұрышқа тығып қойып, мексикалықтың құлаштаған соққыларынан дер кезінде қашып кетіп, үштік соққылармен жауап беріп, әйгілі Флойд Мейуезердің мәнерінде қимылдады.

Уақыт өткен сайын Фернандо Варгастың жағдайы қиындап бара жатты. Еркін қимылдай алмай, қазақстандықтың апперкоттарына түсіп қала берді. Сегізінші раундтан кейін жағдайының қиындай бастап, шаршап қалғанын сезген мексикалық боксшы тоғызынша раундта тиым салынған әдістерге барып, қарақұстан қойып қалуға да тырысты. Бірақ, чемпиондық раундтарда ол да белсенді болды.

Соңғы раундта Бекман бар күшін салып, шабуылға көшті. Сериялық соққылары үштіктен бестікке, жетілікке жетіп, Фернандо Варгасты қуып жүріп ұрды. Ақыры соңғы гонг та естіліп, төрешілердің бірауызды шешімімен жерлесіміз жеңіске жетті. Есеп – 100:90, 99:91, 98:92. Бір төреші барлық 10 раундты да Бекманның еншісіне жазыпты.

Осылайша кәсіпқой шаршы алаңдағы 12-ші айқасын өткізген Бекман Сойлыбаев 12-ші рет жеңіске жетіп отыр. Бұл оның WBC International белбеуін бірінші рет қорғауы.

Текст: Sadvakas Maikibayev