Бекман Сойлыбаев ерекше спарринг өткізді

2017 ж. 12 қыркүйек
Бекман Сойлыбаев ерекше спарринг өткізді

Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев жаттығу барысында ерекше спарринг өткізді. Оған бірден екі боксшы қарсылас атанды.

Айта кетейік, Бекман Сойлыбаевтың Лос-Анджелестің әйгілі Wild Card West бокс залында танымал маман Эрик Браунның қарамағында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанына бір айдан асты. Кеше жерлесіміз бірден екі боксшыға қарсы спарринг өткізді.

Оның бірі Оскар Негрете болды. Кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен колумбиялық «қара маржан» Америкадағы ең мықты боксшылардың бірі. NABF чемпиондық белбеуінің иегері. Негретемен төрт раундтық жұдырықтасу өткізген Бекман аз-кем тынығып алды да, қайта шаршы алаңға шығып, келесі қарсыласы Абрахам Новамен айқасты. Оны да төрт раунд бойы төмпештеді. Пуэрто-Рикодан келген 23 жастағы бұл боксшы кәсіпқой бокста 7 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіпті.

Спаррингтен кейін Эрик Браун қазақстандық боксшының физикалық дайындығын атап өтіп, келесі ресми жекпе-жегіне дейін функционалдық тұрғыда толық бабында болатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев келесі жекпе-жегін 13 қазан күні Лос-Анджелесте өткізеді деп күтілуде. Бұл айқаста жерлесіміз өзінің WBC International чемпиондық атағын қорғауы қажет. Жалпы, кәсіпқой бокста бұған дейін 11 айқас өткізген Сойлыбаев барлығында да жеңіске жеткен.

Текст: Sadvakas Maikibayev