Бекман Сойлыбаев – Бокста қазақтардан кейін құрметтейтінім – мексикалықтар

2018 ж. 19 қаңтар
Бекман Сойлыбаев – Бокста қазақтардан кейін құрметтейтінім – мексикалықтар

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев «SPORTINFORM» САА тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында былғары қолғап шебері Олимпиададан неге бас тартқанын айтты.  

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Кезекті демалысқа шықтым. Бос уақытты пайдаланып, отбасымның жанында болуға тырысып жатырмын. Арқаны кеңге салды демеңіз, форманы сақтап, ақырындап жаттығуға да кірістім.

– Жаттығу қай жерде өтеді?

– Күнделікті жаттығу Астана қаласында өтеді. Түзде жүгірсем, залда спарринг өткіземін.

– Астананың қара суығы жаттығу жұмыстарына кедергі тудырмай ма? Көптеген спортшылар жылы жаққа кетіп жатады ғой…  

– Мен нақты бір «бойға» дайындалып жатпағандықтан, шетел асып кетудің қажеттілігі шамалы-ақ. Ауа-райын ұдайы бақылауда ұстаймын. Күннің көзі күлімдесе, бірден сыртқа шығамыз.

– 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттіңіз. Аталған кездесулерде сіз үшін қолайсыз қарсылас кім болды?

– Мексикада өткен ұрыста өзімнің мансабымдағы ең ауыр кездесуді өткіздім. Венесуэлалық Самуэль Гонсалес әзірге мен жұдырықтасқан боксшылардың ішінде ең мықтысы болып тұр. Бейнероликтерден қарадым, мені де біраз шаршатыпты.

– Демек, ұрыс аяқталған соң кездесуді қайталап көретін болып тұрсыз ғой, иә?

– Әрине, көремін. Басынан аяғына дейін бір сәтін қалдырмай бақылаймын. Әр «бой» сайын анализ жасаймын. Қай жерден қандай қателік кетті дегендей. Кез келген спортшы өзінің қателіктерін саралап, өз-өзіне тиісті бағасын беруі қажет деп санаймын. Бұл оңды үрдіс.

– Боксшы Бекманның ең мықты тұсы қайсы? Байқай алдыңыз ба?

– Мен көп жағдайда қарсыласқа байланысты бокстасамын. Оны зерттеймін. Ол алға атойлап шығатын болса, онымен төбелескім келмейді. Өйткені, артық күш жұмсаудың қажеті жоқ. Қалай болсын оны алдап ұтуға тырысамын. Міне, осы тактиканы менің мықты тұсым деп айтуға болады.

– Келесі кездесу қашанға жоспарланды?

– 1-2 айдың ішінде нақты белгілі болады. Мерзімін дөп басып айта алмаймын. Неге десеңіз, қарсылас табу оңай емес. Біреу бүгін келіссе, ертең бас тартатып жатады.

– Ендігі қарсыласыңыз кім болмақ?

– Ол да әзірше белгісіз. Жақын арада Америкаға жол жүремін. Бұл сұрақпен промоутерлер бас қатыратын болады. Қазір қарсылас болады-ау деген ешкім жоқ.

– Қандай боксшылармен бокстасықыңыз келеді?

– Мексикалықтармен. Өйткені, олар соңына дейін төбелеседі. Мексикалықтардың мінезі мені қайран қалдырады. Қанша ұрсаң да құламайды. Айтылған себептер үшін мен оларды басқа елдің боксшыларына қарағанда жоғары қоямын.

– Дәрежесі жоғары боксшымен жұдырықтасқым келеді деген екенсіз. Сонда сіздің қалауыңыздағы қарсылас кім болды?

– Менің салмағымда мықты боксышалар көп қой. Мәсеслен, WBO нұсқасының чемпионы Василий Ломаченко бар. Украиналық спортшымен алдағы уақытта рингке шығу жоспарда бар.

– Неге қазір емес? Не кедергі?

– Өйткені, кәсіпқой боксқа менің аяқ басқаныма көп болған жоқ. Вася әлем чемпионы атағын алып қойды. Маған әлі уақыт керек екенін іштей сеземін. Биыл не келесі жылы атағы жер жарған боксшылармен жұдырықтасып қаламын. Ол бір анық дүние.

– Чемпиондармен жекпе-жек өткізуге кім дайындайды сізді? Жалпы, қазір қанша бапкермен жұмыс жасап жатырсыз?

– Бірге дайындық жүргізетін бапкерлерім жетерлік. Солардың ішінде Америкадағы Эрик Браунды айта аламын.

– Таңдау неге Браунға түсті? Әлде қазақстандық бапкерлердің әлеуеті жетпей ме?

– Бапкер мәселесі туралы қазір сөз қозғасам, мені жұрт түсінбей қалуы мүмкін. Сөз жоқ, әуесқой бокстағы жаттықтырушылардың саны да, сапасы да мықты. Әуесқой бокстың, тіпті, мектебі бөлек. Ал, кәсіпқой бокс елімізде енді аяққа тұрып келе жатқандықтан, білікті мамандар жоқтың қасы.

– Ал, спарринг-серіктес ше?

– Ол да бір шешілмей жатқан мәселе боп тұр. Бір-екі жігіттер бар. Бірақ, олармен кездесу өткізу үшін уақытымыз сай келмейді. Маған дайындық кезінде олар жарыста жүреді дегендей. Оның үстіне, жарақат алып қалса тағы болмайды.

– Жарақат деп қалдыңыз. Алынған жарақаттан кейін қалыпқа келу процесіне қанша уақыт кетеді?

– Шамамен алғанда 2 айдай уақытымызды ұрлайды бұл процесс. Не де болса, жарақат алмауға тырысамыз. Дегенмен, бұл спорт болғандықтан, түрлі санаңа қонбаған жағдайлар да орын алып жатады.

– Токио Олимпиадасына 2-ақ жыл қалды. Неге Олимпиаданы қиып кеттіңіз?

– Әркімнің өз арманы бар. Менің мұратым – әлем чемпионы атану. Мәселен, Олимпиада чемпионы болған күннің өзінде ары қарай өрлеу жоқ. Ал, кәсіпқой бокста өсім бар. Болмай бара жатса, салмақ ауыстырып, мансабыңды жалғастыра бересің. Оның үстіне, кәсіпқой боксқа ерте келмесең, тағы болмайды. Таңдауды дұрыс қабылдадым деп сенемін және оны дәлелдейтін боламын.

– Қазір салмақ ауыстыру ойда жоқ па?

-Оны алдағы уақытта көре жатамыз. Қазір барлығы көңіліме қонады. Салмақ қосуға да, салмақ қууға да болады. Мен үшін бұл процесс ешқандай қиындық тудырмайды.

– Айтпақшы, көптеген боксшылар билеп, құтырып шығады ғой…

– Не айтқыңыз келіп отырғанын түсіндім. Сіз айтып отырған қылықтар табиғатымда жоқ. Кез келген кездесуге жаттығуға келгендей шығамын. Ешқандай қобалжу болмас үшін өзім іштей соған сенемін.

– Ал, рингтің сыртында біреуге қол сермеп көрдіңіз бе?

– Жұдырықты ақылға бағындырып қойғанмын. Өз-өзімді барынша сабырға шақырып, ұрыс-керістен бойымды аулақ ұстағанды дұрыс деп білемін.Кейде тым артық кетсе, орнына қоямын. Жоқ, айтыңызшы,ұр деп тұрған адамды қалай ұрмайсың?(күліп)

– Бокстан бөлек қандай спорт түрімен шұғылданасыз?

– Бұрын күреспен айналысқаным бар. Одан бөлек, баскетбол, волейбол және футбол ойнап тұрамын. Жалпы, теледидардан футбол көргенді ұнатамын.

– Футбол дегенде ең бірінші мына мәселе ойға оралады. Қазақстанның туын жер-жаһанда көтеретін боксшылар, бірақ олардың жалақылары футболшылардан едәуір төмен. Бұл жағдай сіздің шамыңызға тимей ме?

– Расымен де, аяқдопшылардың жалақы мөлшері тым көп. Десе де, біреудің ақшасын санағанды жөн демеймін. Маған ол қызық та емес. Негізінде  мәселе ақшада емес, алға қойған мақсаттың орындалуында емес пе?

– Жақсы, боксқа қайта оралайық.  Қазақстандық әнші Ибрагим Ескендірдің(атақты «Көк тудың желбірегені» әнін орындаушы) кәсіпқой боксқа келгенін естіген шығарсыз. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Өз қалауы ғой. Мен не дей аламын? Ертең Ескендірден түк шықпайды десем, әлем чемпионы боп кетіп, мені ыңғайсыз жағдайға қалдырмайтындығына кім кепіл?

– Бокста жүргендердің арасында басқа дін ағымының адамдары бар деген әңгімені жиі естиміз. Ал, бұл жайлы не айта аласыз?

– Кесіп ештеңе айта алмаймын. Бар болса, бар шығар. Өз басым жұмаға барып тұрамын, дәстүрлі дін ұстанушысымын. Артық қимылым жоқ.

– Соңғы дәстүрлі сұрағымызға да келіп жетіппіз. Көптен бері айта алмай жүрген сырыңыз бар ма?

– Сыр емес, айтқым келіп жүрген бір мәселе бар. Әлеуметтік желіде комментарий жазысып отыратын жандар жайлы айтпақпын. Білгені бір тоғыз, бірақ, көпіреді дейсің келіп. Өздері мықты болса, рингке шықсын, сосын сөйлесін. Бірде қытыққа тиіп, қарсыласын сатып алған деп жазыпты. Қалай қаның қараймайды, айтыңызшы?

Мұхтар ЖӘМІШЖАНОВ

www.sport.inform.kz

Текст: Sadvakas Maikibayev