Барлық назар Лас-Вегасқа. Кештің бағдарламасы жарияланды

2017 ж. 19 қазан
Барлық назар Лас-Вегасқа. Кештің бағдарламасы жарияланды

20 қазан күні, яғни Астана уақытымен жұма күні таңертең Лас-Вегаста Бекман Сойлыбаевтың қатысуымен кәсіпқой бокстан жекпе-жек кеші өтеді. Басты ұйымдастырушы Golden Boy Promotion кештің бағдарламасын жариялады.

Басты жекпе-жек АҚШ-тың қос мықтысы, отандасымыз Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыласы Габриэль Росадо мен Глен Тапиа арасында өтеді. Ал Бекман Сойлыбаев пен мексикалық Фернандо Варгастың айқасында бәске жерлесіміздің WBC International белбеуі тігіледі.

Кәсіпқой бокс кеші Лас-Вегастың ең ірі қонақүйлерінің бірі Monte Carlo Resort and Casino кешенінде өтеді. Сойлыбаев пен Варгас арасындағы айқас 10 раундқа жоспарланған.

Бекман Сойлыбаев пен мексикалық Фернандо Варгас арасындағы жекпе-жекті ESPN телеарнасы арқылы әлемнің 200 елі тамашалайды. Ал Қазақстанда аталмыш айқасты «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Бұл жерлесіміздің кәсіпқой бокстағы 12-ші жекпе-жегі болмақ. Бұған дейінгілердің барлығында жеңіске жетіп, оның төртеуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.

Текст: Sadvakas Maikibayev