Қазақстанның су жаңа чемпиондары – Қайсысы кәсіпқой бокста қамал бұза алады?

2018 ж. 18 қараша
Қазақстанның су жаңа чемпиондары – Қайсысы кәсіпқой бокста қамал бұза алады?

Бүгін Ақтауда бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталып, су жаңа ел чемпиондарының есімдері белгілі болды. Әлбетте, қай-қайсысы болмасын, Қазақстан ұлттық құрамасына ілігіп, Олимпиада ойындарына баруды аңсайтыны анық. Алайда, соңғы кездері елімізде кәсіпқой бокстың да жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын ескерсек, ерте ме, кеш пе, бұлардың да алдында таңдау туары анық. Ал бүгінгі чемпиондарымыздың қайсысы кәсіпқой бокста қамал бұза алады. Талдап көрсек.

49 келі: Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы)

Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атанып, алтыншы рет финалда айқасқанына қарамастан ұзақ жылдар бойы Біржан Жақыповтың көлеңкесінде қалып келген ақмолалық Теміртас Жүсіповтің жұдырықтасу мәнері кәсіпқой боксқа келетіні анық. Алайда, 30-дан асқан боксшы үшін бұл тым кеш. Ертерек қамдануы қажет еді. Оның ендігі мақсаты – 32 жасында Олимпиада қамалын алу болатын шығар.

52 келі: Анвар Музапаров (Алматы облысы)

52 келі салмақ дәрежесінде алматылық Анвар Музапаров ел чемпионы атанғанымен сарапшылар бұл келінің ақтық айқасында түркістандық Сәкен Бибосыновтың мықты болғанын айтып жатыр. Тіпті, Олимпиада чемпионы бас командамыздың бірінші нөмірі ретінде дәл осы Бибосыновты ұсынатындығын ашып айтты. Сондықтан, 26 жасар Анвар Музапаровқа кеш болмай тұрып кәсіпқой боксқа ауысқан жөн шығар. Оның үстіне, алматылық боксшы жұдырықтасу мәнері де кәсіпқойға сұранып тұр. Шегінуді білмейтін боксшы өзіне соққы дарытумен қатар қарсыласының да әлсіз тұсын таба біледі.

56 келі: Қайрат Ералиев (Түркістан облысы)

Қайрат Ералиевтің шеберлігіне қалың жанкүйер Рио де-Жанейро Олимпиадасында-ақ бағасын беріп қойған. Одан кейін 2017 жылы әлем чемпионы атанды. Дәл қазір оны Мырзағали Құланұлы ұлттық құрамадан жібере қоймас. Оның үстіне, Қайраттың да көздегені – Олимпиада алтыны екені анық. Дегенмен, кәсіпқой боксқа ауысар болса, екінші аса жеңіл немесе жартылай жеңіл салмақта әлем үздіктерінің бірі болуға зор мүмкіндігі бар.

60 келі: Зәкір Сафиуллин (Шымкент)

32 жасар боксшыда бір ғана таңдау болуы мүмкін. Қанша жерден талантты болмасын, қанша жерден жұдырықтасу мәнері келмесін, енді оған кәсіпқой боксқа ауысу кеш. Оны өзі де түсінетін шығар.

64 келі: Санатәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы)

Егіздердің сыңары Санатәлі Төлтаев ел чемпионатында тамаша сенсация жасап, финалда Бекдәулет Ибрагимовтан басым түсті. 18 жастағы боксшы үшін бұл керемет жетістік. Жұдырықтасу мәнерінен байқадық, кәсіпқой бокста да қамал бұзатын жігіт. Сондықтан, қазір болмаса да, Токио Олимпиадасынан кейін Санатәлі өзінің сыңарымен бірге кәсіпқойға бет бұрса екен дейміз.

69 келі: Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды)

21 жасар қарағандылық боксшы финалда тараздық Асланбек Шымбергеновтен басым түсті. Дәл қазір оның мақсаты – Токио Олимпиадасы шығар. Дегенмен, сол төрт жылдық додадың қалай аяқталатынына қарамастан Абылайханға кәсіпқой боксқа ауысып кеткен дұрыс секілді. Өзінің жұдырықтасу мәнері де соны соған сұранып тұр.

75 келі: Әбілхан Аманқұл (Тараз)

Әбілхан – өте талантты, шебер, әрі ақылды боксшы. Мұндай боксшылар кәсіпқой бокста да үлкен жетістіктерге жете алады. Дегенмен, ашығын айту қажет, тараздық боксшыға жанкүйерлердің жүрегін жаулау қиын болады. Қанша дегенмен, оның айқастары әсіресе америкалықтар үшін іш пыстырарлық.

81 келі: Бек Нұрмағанбет (Түркістан облысы)

Жиырмаға енді ғана толған Бек Нұрмағанбет былтырдан бері Мырзағали Айтжановтың жеке бақылауында жаттығып жүр. Ал бас бапкер өзінің үздік боксшыларымен оңай қоштаса қоймайды. Оның үстіне, Әділбек Ниязымбетов карьерасын аяқтағаннан кейін Бек те әзірге кәсіпқойға ауысуға асықпайтыны анық. Әйтсе де, соққысы жойқын бұл боксшы кәсіпқой бокста үлкен жетістікке жете алар еді. Лаки-панчтарымен-ақ қарсыластарын нокаутқа жіберуге қауқарлы.

91 келі: Василий Левит (Астана)

Не қазір, не ешқашан. Василий Левит 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін-ақ кәсіпқой боксқа ауысады деп күтілген. Алайда, Азияның үш дүркін чемпионы әуесқой былғары қолғабын шешкісі келмейтін секілді. Риода жіберген есесін Токиода қайтарып алғысы келетін сияқты.

91+ келі: Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда)

Жақында ғана 27-ге толған Қамшыбек Қоңқабаев үшін де қазір кәсіпқой боксқа ауысатын соңғы мүмкіндік. Алайда, 91 келіге түспесе, қызылордалық боксшы абсолютті салмақ үшін тым кішкентай. Сондықтан, шешім қабылдамас бұрын Қоңқабаевқа салмақ таңдап алған дұрыс секілді. Бірақ, салмақ қуа алар ма екен?

Текст: Sadvakas Maikibayev