#AndStill — Дэвис Руисті бірінші раундта нокаутқа жіберіп, WBA супер чемпионы атағын қорғап қалды

2019 ж. 10 ақпан
#AndStill — Дэвис Руисті бірінші раундта нокаутқа жіберіп,  WBA супер чемпионы атағын қорғап қалды

Кеше кешке екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA (Super) чемпионы, америкалық  Джервонта Дэвис (21-0, 20 KOs) пен мексикалық Уго Руис (39-5, 33 KOs) Карсон қаласындағы (АҚШ) Dignity Health Sports Park аренасында, 12 раундқа жоспарланған жекпе-жекте қолғап түйістірді.

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының чемпиондық белбеуін қорғау үшін 130 фунтқа (58,967 кг) дейінгі салмақ дәрежесінде өзінің мультичемпиондығымен танымал, 24 жастағы Джервонта Дэвиске тек үш минут уақыт қажет болды. Алғашқы раундтың соңында оның тәжірбиелі қарсыласы, екінші ең жеңіл салмақтағы экс-чемпион Уго Руис басына қапталдан тиген соққыға төтеп бере алмады.  Мексикалық боксшы аяғына тұра алғанымен, төреші белдесудің 2:59 –шы минутында нокаут болды деп, жекпе-жекті тоқтатты. Бұл ешкімге есе жіберіп көрмеген америкалықтың жеткен 20 жеңісінің 12-ші мерзімінен бұрыны. Айта кетейік, шайқасқа бір күн қалғанда Джервонта салмақ лимитінен асып, өткен жылдың сәуір айында аргентиналық Хесус Куэльярдан жеңіп алған белбеуінен айырыла жаздады. Бірақ, жекпе-жек күні жас чемпион салмақ қуып,  шаршы алаңға шығуға рұқсат алды. 2017 жылы Дэвис Коста-Рика елінің боксшысы Франсиско Фонсекті жеңсе де, екінші жартылай жеңіл салмақ нормасынан асып кеткені үшін ол IBF-тің белбеуін  қайтарған еді.

Осы шайқаста 32 жастағы Руис 5-ші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Естеріңізге салсақ,  мексикалық былғары қолғап шебері кездесуге санаулы күндер қалғанда, үш түрлі салмақ дәрежесіндегі әлемнің бұрынғы чемпионы, отандасы  Абнер Марестің (31-3-1, 15 KOs) орнын алмастырды. Бастапқыда бекітілген қарсылас дайындық кезінде алған жарақаты салдарынан шаршы алаңға шыға алмады.

Енді не күтеміз? Енді Джервонтаны жеңіл салмақтағы WBA (Super) мен WBO-дың әлем чемпионы Василий Ломаченкомен (12-1, 9 KOs) бір рингте көрсек дейміз. Осыған дейін Дэвис салмақ дәрежесіне қарамастан Украинаның үздік боксшысымен қолғап түйістіруге дайын екендігін жариялаған еді. Сонымен қатар, WBA-дің жас суперчемпионына 21 жасар америкалық  шағылмаған «жаңғақ» Теофимо Лопес (12-0, 10 KOs) лайықты қарсылас бола алады.