Амир Хан қыста Пакьяомен айқасып, көктемде Брукпен жұдырықтасқысы келеді

2018 ж. 5 қыркүйек
Амир Хан қыста Пакьяомен айқасып, көктемде Брукпен жұдырықтасқысы келеді

Осы сенбіде Англияның Бирмингем қаласында кезекті жекпе-жегін өткізетін британиялық Амир Хан алдағы жоспарымен бөлісті. Алдымен қыста Мэнни Пакьяомен айқасып, келесі жылдың көктемінде Келл Брукпен жұдырықтасқысы келеді екен.

2004 жылғы Афины Олимпиадасының жартылай финалында Серік Елеуовті жеңген Амир Хан  (32-4, 20КО) осы сенбіде өзінің кәсіпқой бокстағы 37-ші жекпе-жегін өткізбек. 2016 жылы Сауль Альварестен оңбай ұтылғаннан кейін есін енді жия бастаған Амир осы жылдың сәуірінде канадалық Фил Ло Греконың бірінші раундта нокаутпен оңай жеңген. Алайда, бұл жолғы қарсыласы жоғары сұрыптан. Самуэл Варгас (29-3-2, 14КО) чемпиондық белбеулерге жорта шауып келе жатқан боксшы. Егер осыны жеңсе, онда Амир Хан қайта оралды деген сөз.

Көпшілік британиялықтың жеңісіне сенімді. Ал одан кейін Амирдің өзі қыста филиппиндік Мэнни Пакьяомен айқасып, 2019 жылдың көктемінде Келл Брукпен жұдырықтасқысы келеді.

– Жоспарым осындай. Екеуі де менімен кездескісі келеді. Ендеше тездетіп іске кірісейік. Мэннимен Шығыс Азияда немесе Таяу шығыстағы Араб елдерінің бірінде жекпе-жек ұйымдастыруға болады. Бұл бәріне де қызықты айқас. Ал Келл Брукпен келесі жылдың көктемінде Ұлыбританияда лық толы стадионда жұдырықтассам деймін – деді Амир Хан.

Бирмингемде өтетін колумбиялық боксшыға қарсы жекпе-жегі 12 раундқа жоспарланып отыр. Дегенмен, ешқандай чемпиондық белбеу сарапқа салынбайды.

Текст: Sadvakas Maikibayev