Алматыда салтанатты түрде салмақ өлшеу рәсімі өтті

2016 ж. 23 қыркүйек
Алматыда салтанатты түрде салмақ өлшеу рәсімі өтті

Бүгін «Мега» сауда-ойын-сауық орталығының ашық алаңында боксшылар міндетті түрдегі салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Оңтүстік астанада әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс кешіне дайындық мейілінше қыза түсті. Шаршы алаң шоуы алдағы сенбі күні, яғни 24 қыркүйекте Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

Аталмыш бокс кешіндегі басты жекпе-жекте бірінші ауыр салмақтағы (90 келідегі) чемпиондық атақ сарапқа салынады. Шаршы алаңға Жаһандық бокс кеңесі (Global Boxing Council) тұжырымының үш дүркін әлем чемпионы Иса Ақбербаев (Қазақстан) және осы атақтан үміткер Майк Курцвейл (Германия) шығады.

Салмақ өлшеу рәсімінде екі боксшы да бекітілген шектеуден асқан жоқ. Атап айтқанда, Иса 86,7 келі тартса, неміс нокаутшысы біздің отандасымыздан екі жарым келідей ауыр болып шықты. Оның салмағы – 89,2 келі.

Diamond Ring промоутерлік компаниясының боксшылары Берікбай Нұрымбетов пен Айдар Шәрібаев та салмақ өлшеу рәсімінен ойдағыдай өтті.

Берікбай Нұрымбетов (2-0) пен Валентин Куц (22 – 5, 8KO) алдын-ала келісілгендей, салмақ аралық дәрежеде айқасады. Бір қызығы, екеуінің салмағы бірдей болып шықты деуге де болады – 70,8 және 70,9 келі.

Айдар Шәрібаев (2-0, 2KO) пен Заза Амирадзе (6-0, 4KO) – жеңіл салмақтағы боксшылар. Олар да бекітілген шектеуден асқан жоқ. Шәрібаевтың салмағы тура 61 келіні көрсетсе, оның қарсыласы 61,4 келі болып шықты.

Қалған файткарттағы жұптардың салмақтары:

Али Ахмедов (1-0, 1КО), Қазақстан-VS-Миндиа Нозадзе (18-9, 11KO), Грузия.

Салмақтары: 79,3 келі және 78,4 келі.

Фируза Шәріпова (1-1), Қазақстан-VS- Милены Матович, Сербия

Салмақтары: 62 келі және 63,3 келі.

Маджит Бектемиров (17-1, 12KO), Қазақстан-VS-Гари Абаджян (33-17, KO27), Грузия

Салмақтары: екеуі де – 82 келі

Ернар Есжанов (4-0-0), Қазақстан-VS- Георгий Чжиндзарадзе (22-14-1) Грузия

Салмақтары: 72,2 келі және 70,2 келі

Александр Журавский (12-2-0), Қазақстан-VS-Патамсюк Патамотонг (33-4-1) Тайланд

Салмақтары: 66,3 және 66,5 келі.

Текст: Sadvakas Maikibayev