Әлімханұлы – Нгамиссенге: БОЛЖАМ, ҚАРСЫЛАС және ҚАЗАҚСТАН

Ringkz порталы IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен 2025 жылдың сәуірінде жекпе-жек өткізетін Ануаэль Нгамиссенгені таныстырады.
Екі белбеу үшін жекпе-жек
IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) 2025 жылғы сәуірде франциялық боксшы Ануаэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) кездеседі.
Бұл туралы оның промоутерлік компаниясы Top Rank хабарлады. Жекпе-жек 72,6 кг салмақ дәрежесінде өтеді, ал Әлімханұлы екі чемпиондық белбеуін қорғайтын болады. Франция атынан өнер көрсететін Нгамиссенге оның қарсыласы ретінде жарияланды.
Отанға оралу
Жекпе-жек 5 сәуір, жұма күні өтеді. Оның басты ерекшелігі – Жәнібек Әлімханұлы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет өз елінде, Астанадағы "Барыс Аренада" шаршы алаңға шығатыны.
Бұған дейін ол Қазақстанда екі рет кәсіби жекпе-жек өткізген – 2016 жылдың қазанында Алматыда және 2017 жылдың қыркүйегінде Астанада. Бұл оның кәсіби бокстағы алғашқы екі айқасы болды, содан кейін АҚШ-та өнер көрсете бастады.
Айта кетерлігі, бұл жекпе-жек Жәнібектің туған күніне орайлас келеді – 1 сәуірде ол 32 жасқа толады. Оның қарсыласы Ануаэль Нгамиссенге одан үш жас кіші, 29 жаста. Ол Конгода туған және әуесқой бокста осы елдің намысын қорғаған.
Олимпиада - 2016
Бір қызығы, Ануаэль Нгамиссенге мен Жәнібек Әлімханұлы 2016 жылғы Рио Олимпиадасында бір салмақта (75 кг) өнер көрсеткендіктен, олардың жолдары түйісуі мүмкін еді.
Алайда Нгамиссенге турнирден алғашқы кезеңде-ақ шығып қалды – 1/16 финалда алжирлік Ильяс Аббадиден 0:3 есебімен жеңілді. Аббади 1/8 финалда Әлімханұлымен кездесіп, дәл сондай есеппен (0:3) ұтылды.
Өкінішке қарай, ширек финалда Жәнібек те жарысты аяқтады – ол әзербайжандық Камран Шахсуварлыға есе жіберіп, Олимпиада ойындарының жүлдесіз қалды. Шахсуварлы кейін қола жүлдегер атанды.
Сенсациялық жеңіс
Кәсіби рингте Ануаэль Нгамиссенге Франция атынан өнер көрсетеді. Ол 2019 жылы кәсіпқой бокста дебют жасағанымен, соңғы жылдары сирек жекпе-жек өткізіп, жылына бір рет қана шаршы алаңға шығып жүр.
Оның ең маңызды жеңісі 2023 жылы тамызда Вроцлавта өткен жекпе-жекте тіркелді. Ол украиналық, бірақ Польша туы астында өнер көрсететін Федор Черкашин (25-1, 15 КО)мен кездесіп, 8 раундтың қорытындысы бойынша сенсациялық жеңіске жетті. Төрешілердің шешімі: 76:74, 78:72, 75:75.
Бұл айқасқа беделді BoxRec сайты 5 жұлдыздық шкала бойынша 3 жұлдыз берді. Черкашиннің деңгейін түсіну үшін оның қазіргі рейтингіне назар аударуға болады: ол WBO нұсқасы бойынша 3-орында, WBC рейтингінде 9-орында және IBF тізімінде 13-орында тұр.
Қазақстан үшін маңызды оқиға
Вроцлавтағы сенсациялық жеңістен кейін Ануаэль Нгамиссенге 2024 жылы тек бір ғана жекпе-жек өткізді – маусым айында. Ол 6 раундқа жоспарланған кездесуде Грузия өкілі Сандро Джаджанидзені (12-35-2, 8 КО) үшінші раундта нокаутпен жеңді, бірақ бұл қарсылас аса мықты боксшылар қатарынан емес.
Орта салмақтағы беделді рейтингтердің үздік 15 тізіміне келсек, Нгамиссенге тек IBF рейтингінде 7-орында тұр.
Әлемдік деңгейде алып қарасақ, мұндай қарсыласты жеңу Әлімханұлының беделін айтарлықтай арттыра қоймайды. Алайда Қазақстан үшін екі белбеу үшін өтетін бұл жекпе-жек – нағыз маңызды оқиға!