Альварестің келесі қарсыласы анықталды немесе Канело қалай Головкинге “белден төмен” соққы жасады?

2018 ж. 6 қазан
Альварестің келесі қарсыласы анықталды немесе Канело қалай Головкинге “белден төмен” соққы жасады?

Сауль Альварестің келесі қарсыласы анықталды. Жекпе-жек екінші орта салмақ дәрежесінде және Нью-Йорктегі «Мэдиссон Сквер-Гарденде» өтпек. Осылайша Канело Головкинге тағы да белден төмен соққы жасады.

Қыркүйектің 15-і күні Лас-Вегаста төрешілердің шешімімен қазақстандық Геннадий Головкинді жеңген мексикалық Сауль Альварестің келесі қарсыласы анықталды. Бұған дейін екінші жартылай орта салмақ дәрежесінде және орта салмақта әлем чемпионы болған мексикалық «сары бала» үшінші салмақта да чемпион атанғысы келетін сияқты. Оның алдағы қарсыласы – Майкл «Рокки» Филдинг WBA regular чемпионы. 31 жастағы британиялық боксшы кәсіпқой бокста 2010 жылдан бері жүр. Барлығы 28 рет шаршы алаңға шығып, соның 27-сінде жеңіске жеткен. 15 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Биыл шілдеде Германияға барып, неміс Тайрон Зегеден әлгі белбеуді тартып алған екен. Дегенмен, бір рет ұтылып қалғаны да бар. 2015 жылы Ливерпульде Каллум Смиттен бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңілген. Айтпақшы, Каллум Смит осы тұжырым бойынша супер чемпион саналады. Ал Альварес пен Филдингтің айқасы 15 желтоқсанда Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде өтеді.

Ал Головкинге тағы “белден төмен” соққы жасады деуіміздің де себебі бар. Біріншіден, бұған дейін Головкиннің командасы Канелоны тек кішкентай боксшылармен жұдырықтасады деп айыптап келген болатын. Расымен де, Альварес ұзақ уақыт екінші жартылай орта салмақ дәрежесінен көтерілмей қойды. Тіпті, дене бітімінің ірілігіне қарамастан өзіне аралық салмақ ашып алып, қарсыластарын өзінің ыңғайындағы салмақта төбелесуге шақыратын. Шынтуайтына келгенде, мұндай айыптар Геннадийге де тағылып жатады. Дегенмен, соңғы екі жылда Альварес орта салмаққа көтеріліп қана қоймай, супер орта салмаққа да өтіп кетті. Ал Головкин әлі де орта салмақта.

Бұдан бөлек, жекпе-жектің «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде өтуінің де астары бар. Бұл кешенде негізінен өз айқастарын Triple G өткізіп жүретін. Тіпті, көпшілік «Мэдиссон Сквер-Гарденді» Головкиннің аренасы атап та кеткен. Ал Альварес бірінші рет өз жекпе-жегін Нью-Йоркте өткізбек. Соған қарағанда мексикалық «сары бала» Нью-Йорктің де жанкүйерлерін өзіне қаратуға кіріскен секілді.

Алайда, Майкл Филдинг соншалықты мықты боксшылардың қатарынан емес. Шамасы, Альварес алдымен өзінің осы салмаққа қаншалықты дайын екендігін осы боксшы арқылы тексеріп алғысы келетін секілді. Сондай-ақ, Канело мен Головкин арасындағы үшінші айқастың Нью-Йоркте өту мүмкіндігін ескерсек, Сауль бұл айқасқа дайындықты қазірден бастап кеткен сияқты.

Текст: Sadvakas Maikibayev