Айдар Шәрібаевтың жекпе-жегін әйгілі Рой Джонс тамашаламақ

2018 ж. 10 сәуір
Айдар Шәрібаевтың жекпе-жегін әйгілі Рой Джонс тамашаламақ

Сәуірдің 12-сі күні АҚШ-тың Индио қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешін құрметті қонақ ретінде залдан әлем боксының супержұлдызы кіші Рой Джонс тамашалайтын болады.

Кіші Рой Джонс кәсіпқой бокста 75 жекпе-жек өткізіп, соның 66-сында жеңіске жеткен. 47 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Соңғы рет шаршы алаңға 8 ақпанда шығып, қоштасу айқасын өткізген. Бокстың халықаралық даңқ залының болашақ мүшесі «Golden Boy» промоутерлік орталығы ұйымдастырып отырған 12 сәуірдегі кәсіпқой бокс кешінің құрметті қонағы болып, жекпе-жектерді Индиодағы Fantasy Springs Resort кешенінен тамашалайды деп күтіліп отыр.

Кештің басты айқасында мексикалық Франсиско Варгас (24-1-2, 17 KO) пен америкалық Род Салька (24-4, 4 KO) шаршы алаңға шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл айқас 10 раундқа жоспарланып отыр. Ал басты андеркартында қазақстандық Айдар Шәрібаев (7-0, 6КО) америкалық Эндрю Канчиомен (17-4-2, 13 КО) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Inter-Continental белбеуін сарапқа салады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді 13 сәуір күні таңертең «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.

Текст: Sadvakas Maikibayev