Айдар ШӘРІБАЕВ жайлы не білеміз?

2017 ж. 19 қазан
Айдар ШӘРІБАЕВ жайлы не білеміз?

Aidar Sharibayev Айдар Шәрібаев әуесқой бокстан 4 дүркін Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері.  (2008, 2009,2010,2011) Жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің чемпионы. (2006) Бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Жастар спартакиадасының жеңімпазы. (2005) 

 

16 жасында –ақ әуесқой бокстың шаршы алаңында шиыршық атқан Шәрібаевтың  шеберлігіне талайлар таңдай қақты. Айдардың алар асуы алда деп болжағандар көп еді. Алайда әлем және олимп шыңын бағындырсам деген боксшының арманы желге ұшты. Бірде  бабы келмеді. Енді бірде бағы жанбады…

Айдар Шарибаев УТС в Майами

Айдар Шарибаев УТС в Майами

 

1989-шы жылы Алматы облысы Ащыбұлақ ауылында дүниеге келген Айдарды боксқа жетелеп әкелген әкесі болатын. Анасы Айша тұла бойы тұңғышының боксқа баруына қарсы болған. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қаршадай ұлының біреулермен жұдырықтасып жатқанын ойлағанда, ана жүрегі шымырлап қоя береді. Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады емес пе? Көпті көрген Ғалым Рәбілұлы бокстың да үлкен өнер екенін түсіндіріп  жұбайын райынан қайтарыпты. Әке сенімін ақтауды көздеген Айдар алдына үлкен мақсат қойып бар ынтасымен жаттығуға кіріседі. Ауыл мектебінде Айдарға бокс әліппесін үйреткен бапкер Бауыржан Ермұқашев еді. Күн өткен сайын Айдардың боксқа деген құштарлығы артып, былғары қолғап кимесе ас батпайтындай хәлге жетті.  Арада бір жыл өткенде Шәрібаевтар отбасы қалаға қоныс аударып Айдар өзінің сүйікті спортынан біраз уақытқа қол үзіп қалады. Сол жылдары  әртүрлі спорт түрлеріне жазылып,еңбексүйгіштігінің арқасында  бапкерлерден алғыс естиді. Домбыра мен хор үйірмелеріне де қатысып қарым-қабілетімен көзге түседі. Алайда Айдардың патша көңілі бәрібір боксты аңсап тұрады. 2002-ші жылы ол өзінің сүйікті спортына қайта оралып,  Алматыдағы оқушылар сарайында Нұрлан Мұхамбетқалиевтен тәлім алады.  Бала жастан армандаған былғары қолғабын қайта кигенде жүрегі теңіздей толқып, жаттығуларда жасындай жарқылдайды. 14 жастағы Шәрібаевтың шалт қимылдары, қолды-аяққа тұрмайтын жылдамдығы бапкерін бірден баурап алады.

Айдар Шарибаев победа

Алғашқы жарысы да әлі есінде. Жасөсіпірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігі болатын. Соқыр жеребе Айдарды бірінші айналымда-ақ Думан Сүлейменовпен жолықтырды.  Қазақстан чемпионы деген дардай атағы бар Думан шамасы, Шәрібаевқа шекеден қараса керек. Шаршы алаңға өте сенімді шықты.  Ал Айдар қарсыласының атақ-даңқынан қаймыққан жоқ. Бірінші раунд басталған бетте тұра ұмтылып, тіпті қарсыласын есеңгіретіп те жіберді. Нокдаун! Сүлейменовтың салы суға кетті. Бас көтеруге мұршасы болған жоқ….

 

(Жалғасы бар)

Текст: Sadvakas Maikibayev