Айдар ШӘРІБАЕВ – Өз салмағымдағы барлық чемпиондармен айқасқым келеді
Сәуірдің 6-сы күні Айдар Шәрібаев өзінің тұңғыш чемпиондық жекпе-жегін өткізіп, WBA Inter-Continental белбеуіне таласады. Бүгінде АҚШ-тың Майами қаласында жаттығып жүрген жерлесімізбен алдағы айқас жайлы пікірін біліп, биылғы жоспарлары туралы сұраған едік.
– Айдар, алдағы айқасыңызға дайындық қалай өтіп жатыр?
– Майамиде жүргеніме бір жарым айдай болып қалды. Шаршы алаңға шығатын күнім белгілі болып, қарсыласым анықталғаннан кейін жаттығуымызды бұрынғыдан да күшейттік. Қазір бар ойым алдағы айқаста. Жеке бапкерім Дерик Сантос-Росариомен бірге қызу дайындықтамыз. Бұған дейін жеті жекпе-жек өткізгеніммен алда мені өмірімдегі ең маңызды кездесулердің бірі күтіп тұр. Бұл белбеу кәсіпқой бокстағы карьерамда жаңа белестер ашатынына сенімдімін.
– Қарсыласыңыз мексикалық Энрике Тиноко екені белгілі болды. Оның жұдырықтасу мәнерін зерттей алдыңыз ба?
– Интернеттен бір-екі жекпе-жегін қарап шықтым. Бір қарағанда ебедейсіз, шаршы алаңға енді ғана аяқ басқан боксшы сияқты көрінеді. Алайда, шынымен де осылай ойласаңыз, қатты қателесіз. Байқағаным, ол өте шыдамды екен. Құдды бір, басы темірден жаралған ба дерсің. Негізі, кәсіпқой бокста неше түрлі стильдегі боксшылар бар ғой. Бәрін де көрген дұрыс деп ойлаймын. Бұл да бір сынақ болар.
– Жекпе-жек 10 раундтан тұрады екен. Бұған дейін сіз қарсыластарыңызды 7-ші раундтан асырмаған едіңіз. 10 раундтық айқасқа дайынсыз ба?
– Әлбетте, сәті түссе қарсыласыңды соңына дейін жеткізбей құлатқан жақсы ғой. Жанкүйерлердің де күтетіні осы. Дегенмен, кәсіпқой бокста бәріне де дайын болу қажет. Оңайлықпен құламай қоятын қарсыластар да болады. Сондықтан, спарринг кезінде ұзақ раундтар өткізіп жүрміз. Қатарынан екі боксшымен спаррингке шыққан кездер де болды. Кейде өзім де жекпе-жекті толық өткізсем қалай болады екен деп ойлап қоям. Өзімді ұзақ қашықтықта тексеріп көргім келеді. Неде болса, сәуірдің 6-сы күні жанкүйерлерді жарқын жеңісіммен қуантуға тырысамын.
– Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің чемпиондық белбеуіне таласпақсыз. Бұған дейін ешқашан бұл салмақта жұдырықтаспаған едіңіз. Салмақ қуу қиын болып жатқан жоқ па?
– Иә, бірінші рет осы салмақта жұдырықтасайын деп отырмын. Тіпті, әуесқой бокста да 59 келіде шаршы алаңға шықпағанмын. Бірақ Дерик Сантос-Росарио көпті көрген көреген бапкер ғой. Маған 130 фунтта жұдырықтасуға шамаң жетеді деп айтты. Расымен де, жақсы жаттығып, дұрыс диета ұстасаң, салмақ лақтыруға болады екен. Сәуірдің 6-сы күні 59 келіде еш күш жоғалтпай, шаршы алаңға толық дайын болып шығуым керек.
– Бұл сіздің 2018 жылдағы алғашқы айқасыңыз. Одан кейінге қандай жоспарларыңыз бар?
– Дәл қазір бар ойым алдағы айқаста. Энрике Тиноконы ұтып, WBA Inter-Continental белбеуін ұтып алуым керек. Одан кейінгі туралы әлі ойланған жоқпын. Менің салмағымда WBA тұжырымының толыққанды чемпионы – пуэрто-риколық Альберто Мачадо. Егер маған дейін белбеуін жоғалтып алмаса, бір күні кездеремізді сеземін. Шынын айтқанда, қай қарсыласқа болмасын, дайынмын. Бірақ, әр нәрсенің өз уақыты болады. Мезгілі жеткенде мен де әлем чемпионы боламын.