Айдар Шәрібаев WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуіне таласады

2018 ж. 8 наурыз
Айдар Шәрібаев WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуіне таласады

Қазақстандық нокаутер Айдар Шәрібаев екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуіне таласады. Жекпе-жек 6 сәуірге жоспарланған. Қарсыласы да белгілі.

Кәсіпқой бокста жеті жекпе-жек өткізіп, жетеуінде де жеңіске жеткен, оның алтауында қарсыласын құлатқан Айдар Шәрібаев бұл күндері дайындығын АҚШ-тың Майами қаласында пысықтап жатыр. Бүгін жерлесіміздің чемпиондық айқасқа шығатыны белгілі болды.

Жекпе-жек 6 сәуір күні Лос-Анджелесте өтеді. 10 раундқа жоспарланған айқаста Айдарға мексикалық боксшы Марио Тиноко қарсылас атанбақ. Әлемдік рейтингте 169-шы орында тұрған Марио кәсіпқой бокста 2010 жылдан бері. 27 жасар боксшы 25 рет шаршы алаңға шығып, 16 рет жеңіске жеткен. 12 кездесуінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Алайда, бес жекпе-жекте жеңіліп, төртеуінде тең түскен.

«Шәрібаев – Қазақстан боксының түлегі. Бүгінде Майамиде жаттығады. Өте тәжірибелі, болашағынан зор үміт күттіретін, әлемдік рейтингте жылдам жоғары өрлеп келе жатқан боксшы. Өзінің сегізінші жекпе-жегінде-ақ чемпиондық белбеуге таласып, өте қиын сынақты тапсырғалы отыр», – деп жазады Айдар Шәрібаевтың алдағы айқасы туралы АҚШ-тың әйгілі boxingscene.com сайты.

Лос-Анджелестегі кәсіпқой бокс кешін әйгілі «Голден Бой» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр. Айдардың айқасынан бөлек бұл кеште тағы төрт жекпе-жек өтеді.

Текст: Sadvakas Maikibayev