Айдар Шәрібаев – Ракты жеңген боксшыдан бәрін де күтуге болады

2017 ж. 3 наурыз
Айдар Шәрібаев – Ракты жеңген боксшыдан бәрін де күтуге болады

Кәсіпқой бокста төрт рет шаршы алаңға шығып, төртеуінде де жеңіске жеткен қазақстандық былғары қолғап шебері Айдар Шәрібаев Головкин мен Дэниел Джейкобс жекпе-жегі туралы өз ойын білдірді.

Айдар Шәрібаевтың пікірінше жаман ауруды жеңген адамнан бәрін күтуге болады. Сондықтан, бұл жекпе-жекке Геннадий Головкин барынша дайын болуы тиіс.

– Бұрынғы қарсыластарының барлығымен салыстырғанда ішіндегі ең мықтысы, әрі тәжірибелісі Дэниел Джейкобс болып тұр ғой. Кезінде ракты жеңген боксшыдан бәрін күтуге болады. Оның бір кездері ресейлік Дмитрий Пирогтың соққысынан кейін нокаутқа түскенін жанкүйерлер мың рет талқылап тастады. Бірақ одан бері талай жыл өтті, Джейкобстің де шеберлігі артып, тәжірибесі толысты. Сондықтан, бұл жекпе-жек Головкин үшін оңай болады деп ойламаймын. Рас, өзге қазақ жанкүйерлері секілді мен де чемпионымыздан тек нокаут күтемін. Нокаут болғанда да алғашқы раундтарда-ақ қарсыласын сұлатып тастаса деп тілеймін. Әйтсе де, бұл айқас кемінде 10-шы раундқа дейін созылатын сияқты. Американдықты менсінбеуге болмайды, – деп Шәрібаев бізге пікірін білдірді.

«Diamond Ring» боксшының айтуынша, Головкинге жекпе-жекті неғұрлым соңғы раундтарға дейін апармау қажет. Жеңімпазды төрешілер анықтайтындай жағдайға жеткізбеу керек. Өйткені, жеңісті жұлып алмасаң америкалықтар өз жерінде чемпиондықты қонақтарға аса бере бермейді.

– Бұған біз өткен жылдың қарашасында өткен Андре Уорд пен ресейлік Сергей Ковалевтің жекпе-жегінде кезекті рет көз жеткіздік. Мұны Головкин де жақсы біледі деп ойлаймын. «Triple G» қарсыласын финалдық гонгқа дейін құлатуы тиіс, – деп қосып өтті Айдар Шәрібаев.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен американдық Дэниел Джейкобс арасындағы айқас 18 наурызда Нью-Йоркте өтеді. Ал өз кезегінде Айдар өзінің бесінші жекпе-жегі 17 наурыз күні Майамидегі өткізеді. Қарсыласы әзірге анықталған жоқ.

Текст: Sadvakas Maikibayev