Айдар Шәрібаев Олимпиада чемпионымен спарринг өткізді
Бұл күндері Майамиде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан қазақ кәсіпқой боксының жаңа жұлдызы Айдар Шәрібаев кеше Лондон Олимпиадасының чемпионы Люк Кэмпбеллмен спаррингтік жекпе-жек өткізді.
Бес раундтық жекпе-жектен кейін екі тарап та бір-біріне алғыстарын білдіріп, қол алысты. Дегенмен, ағылшын боксшының командасы түсінкті жағдайларға байланысты спаррингтің видеосын жарияламауды өтінген.
Айта кетейік, 29 жастағы Люк Кэмпбелл 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, 2008 жылғы Еуропа чемпионы және 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2013 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан. Бүгінге дейін еншісінде 16 жекпе-жек бар. Соның 15-інде жеңіске жетіп, 12 қарсыласын нокаутпен жеңген. Келесі жекпе-жегі 25 ақпанға жоспарланған Кэмпбелл Йоркширдің «Айс Арена» стадионында мексикалық Хайро Лопеспен айқасып, WBC silver чемпиондық белбеуіне таласады.
Ал Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңда төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Үш қарсыласын нокаутқа түсірген. Майамидегі Moro’s Gym залында белгілі кубалық Осмири Фернандестің қарамағында жаттығып жүрген жерлесіміз келесі айқасын наурыз айының 17-сінде өткізеді.
– Қазір бапкерім Моро физикалық жаттығуға көп көңіл бөліп жатыр. Келесі жекпе-жегім наурыз айының 17-сі күніне жоспарланған. Әзірге қарсыласым белгісіз. Мұнымен промоутерлерім айналысуда. Осы жақта әлі біраз болып, екі жекпе-жек өткіземін. Елге содан кейін ғана ораламын, – деді Айдар.