Айдар ШӘРІБАЕВ – Ломаченко қалайда Линареспен қарымта айқас өткізуі тиіс

2018 ж. 16 мамыр
Айдар ШӘРІБАЕВ – Ломаченко қалайда Линареспен қарымта айқас өткізуі тиіс

Өткен жексенбінің таңында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылған украиналық Василий Ломаченко мен венесуэлалық Хорхе Линарестің арасындағы айқас туралы өз пікірін Diamond Ring боксшысы Айдар Шәрібаев та білдірді.

Айдар Шәрібаевтың ойынша, Василий Ломаченко көп созбай, Линаресқа реванш беруі қажет. Қарымта айқас бұдан да қызық өтуі тиіс.

– Жекпе-жек өте қатты ұнады. Екі боксшының да жұдырықтасуынан ләззат алдым, – деп бастаған Айдар кәсіпқой бокстың болашағына тоқталды. – Жалпы, болашақта кәсіпқой бокстың орнын UFC жекпе-жектері басады деп жүргендер баршылық қой. Дегенмен, мұндай айқастар тұрғанда бокстың кемел болашағын бұлыңғыр деп айта алмаймын. Қазіргі таңдағы ең мықты екі боксшы бір-бірінен қорықпай, тәуекелге барып, көрермендерге ұмытылмас шоу сыйлады. Міне, боксты халық осы үшін жақсы көреді. Негізі, екеуі де мықты болды. Дегенмен, Ломаченконың жеңіске деген жігерлігі басым болып, қалайда өзін көрсеткісі келді. Комбинациялық соққыларын әдемі өткізіп, шабуылдарын жетесіне дейін жеткізе білді. Оның бұл жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен келгені көрінді.

– Қалай ойлайсыз, егер қарымта айқас бола қалса, Линарес Ломаченкоға қарсылық көрсете ала ма?

– Линарес қазір бұрынғыдай емес деп жатыр ғой. Бұған келіспеймін. Ол әлі жас. Мәселен, Флойд Мейуэзер біраз жасқа келіп қалғанына қарамастан қарсыластарын бәрін қоғадай жапыратын. Бұл жерде Линарестің жасында тұрған ешнәрсе жоқ. Тек Ломаченко бұл жекпе-жекке барынша дайынырақ болып келді. Дегенмен, қарымта жекпе-жекте венесуэлалық боксшы өткендегіден де жақсы айқас көрсетеді деп ойлаймын. Оның үстіне, жақында ғана өз карьерасында алғашқы жеңілісіне ұшыраған боксшы ретінде қай спортшы болмасын, қарымта айқасты қалайды. Мен де өзімді жеңген боксшымен қайта кезескім келеді. Ал егер Линарес пен Ломачеко шаршы алаңда қайта жолығар болса, онда бұл жекпе-жек фанаттарды тіптен қызыққа бөлейді.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Нью-Йоркте өткен кәсіпқой бокс кешінде украиналық Василий Ломаченко 10-шы раундта венесуэлалық Хорхе Линаресті нокаутқа түсіріп, жеңіл салмақтағы WBA чемпионы атанды. Бұдан бөлек, 12 жекпе-жектің ішінде үш салмақ дәрежесі бойынша, чемпиондық белбеулерге ие болып, өзіндік рекорд орнатты. Алайда, өз де кәсіпқой бокстағы карьерасында алғаш рет нокдаунға түсіп қалды.

Текст: Sadvakas Maikibayev