Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңдағы алтыншы нокаутына қол жеткізді

2017 ж. 29 сәуір
Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңдағы алтыншы нокаутына қол жеткізді

АҚШ-тың Чикаго қаласында кәсіпқой бокс кеші аяқталып, никарагуалық Орландо Ризоға қарсы шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Айдар Шәрібаев жетінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.

«Diamond Ring» боксшысы көп аңдысқан да жоқ. Бірінші раундтан-ақ тізгінді өз қолына алып, қарсыласын шаршы алаңның әр бұрышына қыса түсті. Екінші раундта Ризоны құлатқан. Алайда, соққының өте ауыр болғанына қарамастан онға дейін санағанша тұрып үлгерген никарагуалық боксшы есін жиып алды.

Үзіліс кезінде аздап тынығып алған Орландо Ризо үшінші раундқа өте ашулы шықты. Өзі бірінші нөмірмен жұдырықтасқысы келген. Бірақ Шәрібаевтың шылдам контр-шабуылдарына үлгере алмай қалып жатты. Нәтижесінде жерлесіміздің тағы бір соққысы дөп тиіп, теңселіп қалған қарсыласы шаршы алаңға тізерлей кетті. Рефери тағы да есеп ашты.

Бұдан кейінгі раундтар да Айдардың сценариі бойынша өтіп, «Diamond Ring» боксшысы жаттығу кезіндегі барлық комбинацияларды пайдалана алды. Ал жетінші раундта алға атойлап шапқан қазақ батыры қарсыласын тұра алмастай етіп, сұлатып тастады.

– Қарсыласыма да алғыс айтуым керек, мінезді жігіт екен. Әйтпесе, екінші раундтағы ауыр соққыдан кейін-ақ жекпе-жекті жалғастырудан бас тартатын шығар деп ойлағанмын. Жетінші раундқа дейін шыдап берді. Енді алға қарай жылжу қажет. Өзімнің чемпиондық айқастарға дайын екендігімді іштей сеземін, – деді айқастан кейін Айдар Шәрібаев.

Осылайша кәсіпқой бокстағы алтыншы айқасын өткізген Айдар Шәрібаев алтыншысында да жеңіске жетіп отыр. Жерлесіміз алтаудың бесеуінде нокаутпен жеңіске жеткен.

Текст: Sadvakas Maikibayev