Айдар Шәрібаев – Кәсіпқой боксқа шақырған Қанат Ислам болатын
Мамырдың 14-і күні Астанадағы кәсіпқой бокс кешінің аясында шаршы алаңға жаңа жұлдыз Айдар Шәрібаев шығады. Ұзақ жылдар бойы әуесқой бокста ел намысын қорғап келген былғары қолғап шебері бүгінде жаттығуын елордамызда жүргізіп жатыр.
– Айдар, алдағы айқасқа дайындығыңыз қалай?
– Астанада жүргенімізге бір айға жуықтап қалды. Негізінен физикалық жаттығуларға көбірек көңіл бөлінуде. Өзбекстаннан спаринг-серіктестер келген. Мықты боксшылар екен. Кәсіпқой бокста біраз жекпе-жек өткізіп үлгергендер. Арасындағы біреуі Дүниежүзілік бокс сериясының жартылай финалына жеткен. «Өзбек барыстары» командасының намысын қорғайды. Солармен жұдырық түйістіріп, тәжірибе алмасып жатырмыз. Бұл да – бізге үлкен көмек. Сондықтан, бізге осындай жағдай жасап отырған «Diamond ring» промоутерлік компаниясына алғысымыз шексіз.
– «Diamond ring» атынан бірінші рет шаршы алаңға шығайын деп отырсыз. Ұсыныс, қалай кімнен түсті?
– «Diamond ring» промоутерлік компаниясын бұрын сырттай естіп, біліп жүретінмін. Атқарып жатқан жұмыстары ұнайтын. Өзім Алматыда жаттығып жүргенмін. Бір күні осы компанияның жаттықтырушысы Дәурен Жолдасов ағамыз хабарласып, өзімді 14 мамыр күні өтетін жекпе-жек кешінде тексеріп көруімді ұсынды. Екеуміз бұрыннан таныс болатынбыз. Біраз боксшыларды баптаған, өз ісінің қас маманы. Қуана келісіп, бірден Астанаға құстай ұштым. Шынын айтсам, бұл – маған беріліп отырған үлкен мүмкіндік.
– Қарсыласыңыз анықталды ма? Ол туралы не білесіз?
– Қарсыласым – Рубен Мовсисян. Грузиядан болғанымен, ұлты армян екен. Өте тәжірибелі боксшы көрінеді. Кәсіпқой бокста 30 шақты жекпе-жек өткізгенінен хабардармын. Оның 21-інде жеңіске жетіп, 16-сын нокаутпен аяқтағанын білемін. Ал біз кәсіпқой бокс әлеміне енді ғана қадам басып келе жатырмыз. Дегенмен, бұйырса, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің алдында намысқа тырысып, жеңіске жетуге тырысамын.
– Бұл сіздің кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегіңіз болмақ. Бірінші айқасыңызды қалай өткізгеніңіз есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Менің кәсіпқой боксқа ойысуыма бірден-бір себепкер болған адам – Қанат Ислам. Екеуміз жақсы араласамыз. Бір күні хабарласып, алдағы айқасына дайындалып жатқанын, соған спарринг-серіктес іздеп жүргенін айтты да, мені де өзімен бірге Майамиге шақырды. Ол жақта біраз жаттыққан соң Доминикан елінде өткен жекпе-жек кешіне қатысып, жергілікті боксшыны үшінші раундта нокаутпен жеңгенмін.
– Содан бері шаршы алаңға шықпағаныңызға екі жылға жуықтапты. Ұзақ уақыт үзіліс алуыңызға не себеп болды?
– Себептері әртүрлі. Отбасылық жағдайлар әсер етіп, бокстан аз-кем қол үзіп қалған кездер де болды. Оның үстіне, Қазақстаннан жақсы, сенімді промоутерлік компания табылмай, біраз жүріп қалдым. Ал шетелдік промоутерлермен жұмыс жасағым келген жоқ. Бәлкім, тағдыр менің «Diamond ring»-ке қосылғанымды қалаған шығар. Енді маған сенім артып, мүмкіндік беріп отырған азаматтардың үміттерін ақтауға тырысамын.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!