Айдар Шәрібаев – Қиын сәтте қанаттандыратын шынайы достарымның көп болғанына қуандым

2018 ж. 27 сәуір
Айдар Шәрібаев – Қиын сәтте қанаттандыратын шынайы достарымның көп болғанына қуандым

Таяуда АҚШ-тың Индио қаласында WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуіне таласып, кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған қазақ боксшысы Айдар Шәрібаев содан бері бірінші рет «инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасына кіріп, жанкүйерлеріне арнап жазба қалдырды.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 13 күні өткен кәсіпқой бокс кешінде жерлесіміз америкалық Эндрю Канчиомен кездесіп, кәсіпқой карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

«Ассалаумағалейкүм, алты алаш! Жанкүйер жамағат! Инста әлеміне кірмегелі де біраз күн болыпты. Оның өз себебі бар. Соңғы жекпе-жегімдегі сәтсіздігіме қарамастан қолдау білдіріп, “сағың сынбасын” деп сүйеу болып, ақжарма тілегін айтып ақ қанат хаттарын жолдап жатқан ағайын-достарға алғысым шексіз. Дегенмен, Мұхит асып жұдырықтасу түгілі, мұрнына бокстың иісі бармайтын, сыртыңнан сын садағын тартуға дайын тұратындар да бар екендігіне көз жеткіздім. Ондайларға “Аузымен орақ орғанның белі ауырмайды” деп дана халқымыз бір ауыз сөзбен жауап берген ғой. Жығылғанды жұдырықтау жарыместің де қолынан келетін шаруа. Ал сүрінгенге сүйеніш, талқысығанға таяныш болу – нағыз ердің сипаты. Осындай оңтайлы сәтті аңдып, оң жамбасқа алып, оңдырмай өсекке жығатын жалған достар емес, қолтықтан демеп қуаттандыратын, қолдау білдіріп   қанаттандыратын шынайы достарымның көп болғанына шын қуанып қалдым. “Ат сүрінбей жер танымайды” деп атам қазақ айтқандай алдағы уақытта ағат кеткен жерімнен сабақ алып, көк байрақты елімізді әлі де көптеген жеңістеріммен қуантамын деген үміттемін. Жеңісті күнде жүздескенше, достар, – деп жазды Айдар Шәрібаев.

Бүгінде боксшы Алматыда отбасының қасында демалуда. Жақын күндері жаттығуға қайта кіріспек.

Текст: Sadvakas Maikibayev