Айдар ШӘРІБАЕВ – Головкин Альваресті алтыншы раундқа дейін құлатуы тиіс
Жексенбі күні таң әлекеуіммен Лас-Вегаста ғаламат жекпе-жек кеші өтіп, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің қарымта кездесуін тамашалаймыз. Аталмыш айқас туралы өз ойын Diamond Ring боксшысы Айдар Шәрібаев та бөлісті.
– Айдар, қос мықтының екінші кездесуінен не күтесіз?
– Үшінші жекпе-жегін күтемін. Естеріңізде болса, өткен жылы осы жекпе-жектің алдында өз пікіріммен бөліскенде бұл текетірес трилогияға созылатынын айтқанмын. Расымен де, бірінші айқаста Головкин әлдеқайда басымырақ болғанымен төрешілер тең есепті тіркеді. Шамасы, ұйымдастырушыларға да сондай вариант тиімді болған сияқты. Енді осы жекпе-жекте Геннадий жеңеді де, сосын келесі жылдың мамырында боксшылардың үшінші айқасын көреміз деп ойлаймын. Мұның барлығы бокстағы саясат қой. Ұйымдастырушылардың қиыстырып қойған сценариі. Меніңше Головкин жеңуі керек. Егер Альварес жеңер болса, онда ол реванш бермей қоюы мүмкін.
– Ал тағы да тең есеп тіркеледі деп ойламайсыз ба?
– Бұл жолы жеңімпаздың болары анық. Әйтпесе, «теріні илей бергеннен» жанкүйерлердің де ығыры шығады. Дегенмен, Головкинге жекпе-жекті төрешілердің шешіміне жеткізбеу қажет. Әйтпесе, есеп тағы да бұрмаланып кетуі ғажап емес. Қалайда, нокаут қажет немесе өзі құламай, Канелоны бір-екі рет нокдаунға түсіріп алғаны дұрыс. Сонда төрешілердің еш амалы қалмайды.
– Сіздіңше жекпе-жек бұл жолы қалай өрбуі мүмкін?
– Айқастың ең қызығы алтыншы раундқа дейін болады деп отырмын. Өйткені, бұл кезде олардың сққылары қуатты болып, бір-бірін құлата аларлықтай халде болады. Ал одан кейін екеуі де шаршаңқырап, күштері сарқыла бастайды. Меніңше, Канелоның тактикасы өзгермейтін секілді. Бірінші кездесудегідей қашып жүріп айқасады.
– Айдар, қос боксшының артық-кемшілігі жайлы не айтасыз?
– Канелоның физикасы нашар секілді көрінеді маған. Былтырғы жекпе-жекте соңына қарай қатты щаршағаны байқалды. Оның үстіне, егер өткен жылы кленбутерол қабылдағаны рас болса, қазір соның әсері біліне бастауы тиіс. Допингсіз қалай төбелесетінін болжау қиын. Ал Головкин шаршамайды. Бірақ, ол бірбеткей боксшы. Алға қарай ұмтыла береді. Қашып жүріп қаншалықты жұдырықтаса алатынын білмейміз. Дегенмен, барша қазақстандықтармен бірге жексенбі күні таң әлекеуіммен теледидарды қосып, біз де Головкин үшін жанкүйер боламыз.