Айдар Шәрібаев Даулис Прескотты бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді

2017 ж. 4 қараша
Айдар Шәрібаев Даулис Прескотты бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді

Қазақстандық Айдар Шәрібаев бүгін АҚШ-тың Киссими қаласында кәсіпқой бокстағы өзінің жетінші жекпе-жегін өткізіп, бұл жолы да қарсыласын нокаутпен жеңді. Оның алдында екі рет нокдаунға түсіріп үлгерді.

Қарсыласы – колумбиялық 31 жасар Даулис Прескотт. Өте тәжірибелі боксшы. Кәсіпқой шаршы алаңда 2006 жылдан бері жүр. Содан бері 36 айқас өткізіп, 31-інде жеңіске жеткен. Оның 23-інде қарсыластарын нокаутқа түсірген. Оның қасында Айдардың өткізген айқастары аздау. 2014 жылдан бері алты рет кәсіпқой шаршы алаңға шыққан. Бәрін жеңіп, бесеуінде жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаға.

Рингке қатар көтерілгенде байқадық. Айдарға қарағанда бойшаң, қолы да ұзынырақ екен. Ірілеу екені де көрініп тұрды. Бірақ, жерлесіміз бірінші раундтан-ақ тізгінді өз қолына алып, бірден қарсыласына шаршы алаңның төрт бұрышын да таныстырып шықты. Бірінші минутта-ақ Айдардың толассыз соққыларының бірінен нокдаун алған Прескотт есін жоғалтып алғандай көрінген. Алайда, төреші сегізге дейін санағанша ес жиып үлгерді. Мұнымен тоқтамаған Айдар қарсыласын үсті-үстіне төпелей жөнеліп, тағы бір мәрте сұлатып түсірді. Бұл жолы да намысқа тырысқан колумбиялық орнынан әзер болса да көтеріліп, жекпе-жекті жалғастырды. Бірақ, бірінші раундтың соңына қарай Айдардың кезекті шабуылдарынан кейін бас көтере алмай қалған колумбиялық жерлесіміздің оң қолмен бауырдан ұрған соққысынан кейін бүктеле құлап, тек дәрігелерлердің сүйемелдеуінен кейін ғана рингктен шығып кетті. Осылайша сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды.

– Өте қуаныштымын. Бұл жекпе-жекті ұзақ күттім. Қарсыласым да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Тәжірибелі боксшы. Бірақ, қазақ бокс мектебі бәрібір де өзгелерден шоқтығы биік қой. Мен оны тағы бір мәрте дәлелдедім. Маған жанкүйер болып, жеңісіме сенген барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Бұл жеңіс сіздерге арналады. Ал айқас бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде өткенімен алдағы уақытта жеңіл салмаққа қайта ораламын, – деді жекпе-жектен кейін ағынан жарылған Айдар Шәрібаев.

Бұл Айдар Шәрібаевтың кәсіпқой шаршы алаңдағы жетінші жекпе-жегі болатын. Барлығында жеңіске жетіп отыр және алтыншы рет айқасын нокаутпен аяқтады.

Енді Айдар бірер күнде елге оралып, жаттығуын Алматыда жалғастырады. Ал келесі жекпе-жегі келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Айдар Шәрібаев 28 қазан күні Машантакетте Колумбияның басқа боксшысы Карлос Падильямен жұдырықтасуы керек болатын. Бірақ, соңғы сәтте қарсыласының денсаулығына байланысты жекпе-жек болмай қалған. Бір аптаның ішінде промоутерлері шұғыл түрде жаңа қарсылас іздеп, 30-ға жуық боксшымен келіссөздер жүргізіпті. Салмақ өлшеу рәсімінде Айдар 136 фунт тартса, қарсыласы Даулис Прескотт 137 келіні құрапты. Ал жеңіл салмақ дәрежесінің лимиті 135 фунт. Сондықтан, бір аптада салмақ қуу оңай болмағандықтан ұйымдастырушылар бұл айқасты бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде (140 фунт) өтуіне рұқсат берген.

Текст: Sadvakas Maikibayev