Айдар ШӘРІБАЕВ: Қанатт Исламның кешінде айқасу – мен үшін үлкен мәртебе

2016 ж. 23 қазан
Айдар ШӘРІБАЕВ: Қанатт Исламның кешінде айқасу – мен үшін үлкен мәртебе

Diamond Ring командасының жеңіл салмақты саңлағы Айдар Шәрібаевтың 29 қазан күні Алматыда өтетін, Қанат Ислам мен Патрик Аллотей жекпе-жегінің андеркартында Мексика тарланы Хуан Окурамен айқасатындығын бұған дейін жазғанбыз. Осыған орай, Айдардың кәсіпқой бокс рингіндегі төртінші жекпе-жегі алдында өзімен тілдесіп, сөзге тартқан едік.

– Айдар, дайындық қалай жүріп жатыр?

– Бекітілген жоспар бойынша, тіпті уақыт тығыз, нағыз қарбалас кезең десем де болар. Негізі, мен ылғи да жаттығу жұмыстарына бар ынтаммен кірісетінмін, ал бұл жолы маған ерекше жауапкершілік жүгі артылды деп білемін. Отандық жанкүйерлердің сүйікті боксшыларының бірі һәм қазақ халқының аяулы ұлдарының бірегейі, сондай-ақ өзімнің жақын досым Қанат Исламның андеркартында жерлестерімізді жерге қаратқым келмейді. Еліміздегі бокс сүйер қауымды менің де жеңіске жетіп, қуанышқа бөлегім келеді. Біздің команданың арқасында ешқандай таршылық көріп жатқан жоқпын. Бәрі де бар, жан-жақты жағдай жасалған. Тіпті спарринг-серіктерім де – өңшең ығай мен сығайлар.

– Сіздің қарсыласыңыз жақында ғана белгілі болды ғой…

– Дәл солай, менің промоутерлерім Мексика боксшысының менеджерімен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізді. Ал Хуан Окура жақында ғана жекпе-жекке шығатындығы жөнінде жазбаша түрде келісім берді. Окура – әлемдік бокс рейтингісінде алдыңғы лекте тұрған тәжірибелі жігіт (146/1395 – автор). Осындай деңгейдегі қарсыласпен айқасу, менің кәсіпқой бокс рингіндегі карьерама серпіліс енгізеді деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Мексика боксы мектебі – өте ерекше. Қимылдары шалт және өте төзімді болып келеді. Бірақ қазақ боксы (стилі) олардан асып түспесе, кем түспейді деп ойлаймын. Біз «алыспақ керек пе, шабыспақ керек пе» деген жауынгер ұлттың ұрпақтарымыз, тактикалық тұрғыда да басымдық таныта аламыз, қоян-қолтық жұдырықтасып та ұрып жыға аламыз.

– Окура сіздің кәсіпқой бокстағы ең алғашқы – деңгейі жоғары қарсыласыңыз, осы ретте “бұл жекпе-жек сіз үшін – үлкен сынақ” деген пікірлер де айтылып жатыр…

– Бұл шындық. Егер қарсыластарымның рейтингтеріне жүгінер болсақ, ол осыған дейін кездескен боксшылардың ішіндегі – деңгейі ең жоғарысы. Әйтсе де, бұған дейінгі қарсыластарым осал болды деп айта алмаймын. Иә, мен оларды айқын басымдықпен жеңдім. Енді деңгейі жоғары боксшыны да жеңе алатындығымды іс жүзінде көрсетіп, дәлелдеу мүкіндігі туындап отыр. Өз басым осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын.

– Оның қандай атықшылығы бар екен, қалай жұдырықтасады, неден қауіптену керек?

– Менің бір байқағаным, мексикалық стиль – аса таза емес. Мен осы жолғы қарсыласымның жекпе-жектерін мұқият қарап шықтым. Ол оқта-текте басымен қауіпті қимылдар жасайды екен. Жалпы, кәсіпқой бокс әлемінде мексикалық боксшылардың тәртіптері мақтауға тұрарлықтай емес. Қысқаша айтқанда, сәлемі қалай болса, әлейі де солай болады. Десек те, мен таза және әдемі бокс өрнегін паш еткім келеді.

– Соңғы рет Заза Амирадзені көзді ашып, жұмғанша жеңіп, “біраз уақыт бойы шыңдалып дайындалдым, бірақ соның бәрін де іс жүзінде паш етіп үлгере алмадым” деген едіңіз. Бұл жолы көрермендерге не күтуге болады?

– Шынымен де, сол жолы жекпе-жек ұзақа созылар деп, егжей-тегжей дайындалғанмын. Бірақ грузин жігітінің мұрны қанап, төреші бірінші раундта-ақ жекпе-жекті тоқттатты. Дайындықтарым көп еді. Мәселен, қарсыласымды бауырынан соғып, бүйірден қалай ұра алатынымды көрсетейін дегенмін. Бірақ оның бәрін кейінге шегеруге тура келді. Енді Мексика жігітіне қодануға тура келеді (күліп).

– Қалай ойлайсыз, қарсыласыңызды сұлата аласыз ба?

– Ринг көрсетеді. Егер оңтайлы сәт келе қалса, ешқашан бос жібермеймін. Бірақ нокаутпен жеңуді мақсат тұтып отырған жоқпын. Жекпе-жекті толықтай өткізіп шығуды үйренуім керек. Себебі, бұдан әрі қарсыластарымның деңгейі де жоғарылай береді, яғни ранудтар саны да өсе түседі

– Кәсіпқой боксқа Қанат Исламның шақыртуымен келгенмін, дегеніңіз есімізде. Ал енді оның андеркартында жекпе-жекке шыққалы отырсыз…

– Ол рас, “кәсіпқой боксқа ауыс” деп кеңес берген жақын досым, сіз айтып отырған ағам – Қанат Ислам. Мен Қанат ағамды әрқашан өіме пір тұттым, қазір де үлгі тұтамын. Әу баста мен оның спарринг-серігі болғанмын, енді міне, оның жекпе-жегінің андеркартында рингке шықпақпын. Бұл мен үшін – үлкен мәртебе! Екеуміздің шынайы достығымызды және рингке бірге шығу мүмкіндігін мақтан тұтамын.

– Ислам мен Аллотей жекпе-жегіне болжамыңыз?

– Гана боксшысы оңай шағылар қарсылас емес. Әйтсе де, Қанат алтыншы раундта нокаутпен жеңіске жетеді деп ойлаймын. Қанат ағама және осы кеште шаршы алаңға шығатын біздің боксшыларға тілеулес боламын. Бәріне де жеңіс және сәттілік тілеймін!

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

– Сіздерге де рахмет!

Текст: Sadvakas Maikibayev