Сенсация болмады: Шакур Стивенсон рингтегі бар шеберлігін паш етті

9 июля 2024 г.
Сенсация болмады: Шакур Стивенсон рингтегі бар шеберлігін паш етті

Шакур Стивенсонның сырт келбетіне қарап оны джентльмен деп айтуға болмас, бірақ ол көрсеткен боксты нағыз ақсүйектер өнері деп айтуға болады. Ол бокстың көркем тұсын көрсетіп, эстетикасын насихаттайды, бұл, өз кезегінде, боксты төбелес ретінде көргісі келетіндерге аса қатты ұнамайды. Дегенмен ол өз ісінен тайынбайтын спортшы екенін кезекті рет көрсетті. Ring.kz порталы назарларыңызға Шакур Стивенсон мен Артём Арутюнян арасында өткен жекпе-жектің талдауын ұсынады.

Асыққан қалар ұятқа, асықпаған жетер мұратқа

Шакур Стивенсон (22-0, 10 КО) заманауи кәсіби рингте бірегей брендтің біріне айналып үлгергеніне ешкім дауласа қоймас. Сондықтан ол үнемі көптің назарында болады, оның жекпе-жектерін, тіпті, «төбелес көрсетпейді» деп сөгетіндер де ерекше ықыласпен тамашалайды. Осыған орай 7 шілдеде америкалық боксшының туған қаласы Нюаркта өткен жекпе-жегі де соған сөзсіз дәлел болды.

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдан бастап Стивенсон жеңіл, яғни 61,2 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді және бүгінгі күнге дейін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Айтпақшы бұл оның әлем чемпионы атанған үшінші салмақ дәрежесі. Осы тұста Шакур небәрі 27 жаста екенін айта кетейік. Бойы 170 сантиметр болғандықтан оның тағы бірнеше дивизионды бағындыруға мүмкіндігі жеткілікті. Салыстыру үшін екі салмақ жоғары көтеріліп, 66,7 келіге дейінгі жартылай орта салмақты алсақ, ондағы басты жұлдыз 36 жастағы Теренс Кроуфордтың (40-0, 31 КО) бойы тек 3 сантиметрге (173 см) жоғары екенін байқауға болады.

Шыңға жеткен шебер

7 шілдеде Ньюаркте Стивенсонға Германия туының астында өнер көрсетіп жүрген 33 жастағы армениялық Артем Арутюнян (16-2, 7 КО) қарсы шықты. Бұл боксшылардың жекпе-жегі бокс кешінің басты оқиғасы болғаны анық.

Бұл Арутюнянның осындай деңгейдегі екінші жекпе-жегі. Өткен жылы ол америкалық Фрэнк Мартинмен (18-1, 12 КО) кездесіп, 12 раундқа созылған бәсекеге толы жекпе-жек көрсеткен болатын. Сол кезде ол ұпай бойынша ғана жеңілген еді. Есеп - 112:115; 112:115; 113:114.

Стивенсон мен Арутюнянның жекпе-жегі де 12 раундқа созылды. Бірақ бұл жолы төрешілер шешімді АҚШ спортшысының пайдасына бірауыздан қабылдады. Есеп - 116:112; 118:110; 119:109.

Өзін жұлдыз сезінуге рұқсат берді...

Бірінші раундта Шакур қарсыласына өзін жұлдыз сезінуге мүмкіндік берді. Арутюнян қысым жасау үшін бірінші нөмірде жұмыс істей бастады. Стивенсон жағдайды бақылап, оқиғаларды үдетпеді, бұл айлаға армян боксшысы, былайша айтқанда, бірден түсті. Шакур тіпті қарсыласының «айла-амалдарына» тек қарсы шабуылдармен жауап беріп, арқанға қысылып та қалды.

Бірақ тұтастай алғанда, бірінші раундта да, оқиғалардың одан әрі дамуында да бұл жекпе-жек баяғыдан бар сериялық «Мерседес» пен эксклюзивті америкалық автокөліктің тартысына ұқсас болды. Өйткені Арутюнян, ең алдымен, мүлдем қажет емес дене қозғалысымен, босқа күш жұмсаумен және шамадан тыс уайымымен есте қалды.

Оқулықтар жазуға болады

Стивенсонның рингтегі мінез-құлқы - бұл бокс өнерінің ең көркем түрі. Мазасыз және асығыз қозғалыс жоқ, соққылары барынша тура әрі уақытылы, сондай-ақ соққыларының күші қарсыласқа қарағанда әлдеқайда екпінді де ауыр.

Былай айтқанда, Шакурдың боксына қарап оқулықтар жазуға болады. Әр кезеңде әртүрлі болу үшін ол бірінші нөмірмен де жұмыс істеп көрді. Бірақ кез келген жағдайда қарсыласынан бір бас жоғары болды. Арутюнян барынша бокстасуға тырысты, бірақ қолынан көп нәрсе келмегені анық көрініп тұрды.

Арзан понтсыз, байыпты бокс

Не де болса, Стивенсон жылдар өткен сайын боксын жетілдіріп, өзі де толысып келе жатқанын баса айтқан жөн. Оның бойынан арзан понт жасап, көпшілік алдында өзін барынша көрсету деген ұмтылыс жоқ. Егер Шакур армян боксшысын мерзімінен бұрын жеңемін деген нақты мақсат қойса, еш күмәнсіз жекпе-жек 12 раундқа созылмаушы еді. Бірақ АҚШ боксшысы барынша бокстасып, өзінің жан-жақты спортшы екенін көрсетіп, кездесу уақытын толық жүріп өтуді жөн көрді.

Бұған қоса Стивенсон 7 шілдеде Нюаркте өткен жекпе-жекте қарсыласынан әрекет еткені көрініп тұрды, ал қажет болған жағдайда «эксклюзивті үлгідегі америкалық көлік» ретінде де қарқынды үдете алатыны да сезілді. Осылайша Шакур Стивенсон қалың көпшілік пен бокс қауымдастығына бабында екенін көрсетіп, қарсыласын экстра-класстағы бокс арқылы сенімді түрде жеңді.

Айта кетйік, біз осыған дейін Теофимо Лопес пен Стив Клэджетт арасындағы жекпе-жек туралы жазған едік. Сондай-ақ порталымыздан кәсіпқой бокстағы қазақ қыздары туралы оқи аласыздар.