Кәсіпқой бокста салмақ өлшеу рәсімінің ережесіне өзгеріс енуі мүмкін

25 июля 2018 г.
Кәсіпқой бокста салмақ өлшеу рәсімінің ережесіне өзгеріс енуі мүмкін

Жақын болашақта боксшылар салмақ өлшеу рәсімін жекпе-жек күні де өткізуі мүмкін. Американың боксшылар комиссиясының қауымдастығы кәсіпқой боксқа осындай ереже енгізуді ұсынып отыр.

Боксшылар комиссиясының қауымдастығы ұсынып отырған бұл ереже жақын уақытта АҚШ-тың спорттық комиссияларының жиналысында талқыға салынып, мәселе дауыс беру арқылы шешілмек.

Боксшылар комиссиясының қауымдастығы ұсынып отырған өзгеріс бойынша, боксшылар жекпе-жекке бір күн қалғанда өткізетін салмақ өлшеу рәсімінен бөлек, жекпе-жек күні де таразыға тұрулары тиіс. Егер боксшының салмағы келісімшартта көрсетілген лимиттен 10 пайызға асып кетсе, онда ол шаршы алаңға шыққанымен сол кездесуде чемпиондық атаққа таласу құқығынан айрылады және айыппұл төлеуі қажет болады. Бұл да ештеңе емес. Егер жекпе-жек күні боксшының салмағы әу баста көрсетілген лимиттен 10 пайызға асып кетсе, барлық ұйымдардың рейтингінен автоматты түрде түсіп қалады.

– Біз аспандағы айды сұрап отырған жоқпыз. 10 пайыз дегенің өте көп нәрсе. Мәселен, айқас 66,7 келіде өтетін болса, боксшы өзіне 6,7 келіге дейін қосуға құқы бар. Өкінішке қарай, қазіргі кезде боксшылар жекпе-жекке дейін бір күн ішінде бұдан әлдеқайда артық салмақ қосып алады, – деді бұл туралы Калифорния спорттық комиссиясының атқарушы директоры Энди Фостер.

Осылай деген Энди Фостер боксшылардың жекпе-жекке дейін бір күннің ішінде шектен тыс салмақ қосып алуын алаяқтыққа балады.

Егер бұл ұсыныс көпшіліктің қолдауын тапса, онда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev