Елшат Нығметолланың WBA Asia титулына дайындығы қалай өтіп жатыр?

20 января 2025 г.
Елшат Нығметолланың WBA Asia титулына дайындығы қалай өтіп жатыр?

Ringkz.com порталы Елшат Нығметолланың WBA Asia титулы үшін жекпе-жекке дайындығы аясында өткен спарринг-сессиясы қалай өткенін баяндап, суреттеп беруге мүмкіндік алды. Жаттығу қалай өткені және Таиланд еліне жалпы дайындықтың қалай болып жатқанын спортшының өзі айтып берді.

Жаңа жыл - титул үшін жекпе-жек

1 ақпанда Таиланд астанасы Бангкокта танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы Елшат Нығметолла (20-1-0, 7 КО) WBA Asia нұсқасы бойынша 53,5 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін индонезиялық Фласидус Нуноға (10-1-2, 8 КО) қарсы жекпе-жек өткізеді. Кездесу форматы – 10 раунд.

Қазір Елшат Астанада жаттығып жатыр. Титулдық жекпе-жекке дайындық барысында ол спарринг-сессия өткізді. Оған қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясының бас директоры Бақдәулет Төреханов те қатысты. Отандық компания биыл Елшат және басқа да қазақстандық боксшыларды шетелге шығаруға басымдық беріп отыр.

Салмақ ерекшеліктері

- Спарринг-сессия 10 раундтан тұрды: 5 раунд – бір боксшымен, ал қалған 5 раунд – екіншісімен, - деп атап өтті Бақдәулет Төреханов.

- Менің байқағаным, спарринг-серіктестер Елшатқа қарағанда әлдеқайда ауыр болған сияқты?

- Иә, бірінші боксшының салмағы – 65 келі. Ол кәсіпқой рингте тәжірибесі бар, 6 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Ал екінші спарринг-серіктестің салмағы 80 келіден асады.

- Қазіргі уақытта Елшаттың салмағы қанша? Жекпе-жек алдында салмаққа байланысты қиындық туындамай ма?

- Спарринг-сессия кезінде Нығметолланың салмағы 59 келі болды. Ол жақсы жұмыс істеді. Бангкоктағы жекпе-жекке дейін өзінің оңтайлы формасына біртіндеп келуге әлі де жеткілікті уақыт бар.

Нокаутты жеңістер

Қазақстандық боксшының Таиланд астанасындағы қарсыласы – 28 жастағы индонезиялық Фласидус Нуно. Кәсіпқой бокстың беделді статистикалық порталы BoxRec дерегі бойынша, ол өз еліндегі салмақ дәрежесіне қарамастан ең үздік 10 боксшының қатарына кіреді.

2024 жылы Фласидус ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой рингке қайта оралып, екі жекпе-жек өткізді – екеуі де Индонезияда наурыз және шілде айларында болды. Бұл жекпе-жектер жергілікті боксшылармен өтті және екеуі де Нуноның ерте жеңісімен аяқталды. Индонезиялық боксшы жайлы толығырақ ақпаратты Ringkz.com порталындағы «Қазақстандық боксшылар Таиландтағы бокс кешінде кімдермен кездеседі?» мақаласынан оқуға болады.

Алдыңғы жекпе-жектер

2024 жылы Елшат Нығметолла да екі жекпе-жек өткізді – маусымда Шымкентте және қыркүйекте Алматыда.

Шымкентте Елшат өзінің әдеттегі салмағында емес, 55,3 келіге дейінгі ауырлау санатта жұдырықтасып, 6 раундтың қорытындысы бойынша Өзбекстаннан келген Сарвар Усмоновты (6-3, 5 КО) төрешілердің бірауызды қабылдаған шешімімен жеңді. Есеп: 60:54; 58:56; 60:54.

Ал қыркүйекте Алматыда өзінің жеңіл салмағында жұдырықтасып, 3-раундта тәжірибелі танзаниялық Мухсин Кизотуды (20-6, 12 КО) нокаутқа жіберді.

Қазіргі таңда WBA Asia рейтингінде Елшат өз салмағында 2-орынды иеленсе, алдағы қарсыласы 11-орында орналасқан.

Қазақстандық төрттік

1 ақпанда Бангкокта Нығметолладан бөлек, Irfin Promotions промоутерлік компаниясының қолдауымен тағы үш қазақстандық боксшы өнер көрсетеді.

Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) 66,7 килограмға дейінгі жартылай орта салмақта WBA Asia титулын бірінші рет қорғайды. Ал қалған екі боксшы – Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО) және Армат Арманұлы (1-1) рейтингтік жекпе-жектерге қатысады.

Толығырақ ақпаратты Ringkz.com порталындағы «ТАИЛАНДТА ӨТЕТІН ШОУ: Барлық қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды» мақаласынан оқуға болады.

Текст: Admin Admin