Шолулар

Adames vs Warburton. WBC чемпионы Nursultanov-пен міндетті кездесудің алдында рингке шығады

Adames vs Warburton. WBC чемпионы Nursultanov-пен міндетті кездесудің алдында рингке шығады

14 қарашада Эр-Риядтағы The Venue аренасында Zuffa Boxing 13 турнирі өтеді. Кештің басты оқиғасы Carlos Adames пен Gerome Warburton арасындағы он раундтық жекпе-жек. Орта салмақтағы WBC чемпионы жаңа промоушндағы алғашқы кездесуін өткізеді. Алайда оның белбеуі сарапқа салынбайды: тараптар 165 фунтқа, яғни 74,8 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасуға келіскен.

Adames наурызда Austin Williams-ке қарсы титулын қорғағаннан бері алғаш рет рингке шығады. Бірақ Warburton Сауд Арабиясына чемпионның бабын тексеру үшін ғана келе жатқан жоқ. Уэльстік боксшы Ұлыбританияның бұрынғы чемпионы Nathan Heaney-ді қатарынан екі рет жеңіп, енді халықаралық деңгейде өзін танытуға мүмкіндік алды.

Бұл жекпе-жек Мейірім үшін несімен маңызды?

Белбеу сарапқа салынбаса да, кездесудің нәтижесі чемпиондық жағдайға әсер етеді. WBC Adames-ке осы жекпе-жекті өткізуге рұқсат беріп, жеңіске жеткен жағдайда келесі қарсыласы міндетті үміткер Meiirim Nursultanov болуы керектігін белгіледі. Ал доминикандық боксшы жеңілсе, титул бос қалады. Сондықтан Эр-Риядтағы нәтиже қазақстандықтың жоспарына тікелей қатысты.

Турнирдің толық карды

- Carlos Adames — Gerome Warburton: келісілген салмақ 74,8 келіге дейін, 10 раунд;
- Jason Moloney — Andres Teran: аса жеңіл салмақ, 53,5 келіге дейін, 10 раунд;
- Bruno Surace — Kamil Bednarek: екінші орта салмақ, 76,2 келіге дейін, 10 раунд;
- Jakhongir Zokirov — Brandon Colantonio: аса ауыр салмақ, 6 раунд;
- Radzhab Butaev — Alexander Castro: орта салмақ, 72,6 келіге дейін, 10 раунд;
- Ivan Ortiz — Dariial Kuchmenov: жеңіл салмақ, 61,2 келіге дейін, 8 раунд;
- Tullo Boymatov — Moro Inusah Kanla: жартылай ауыр салмақ, 79,4 келіге дейін, 8 раунд.

Андеркардта WBO-ның бұрынғы чемпионы Jason Moloney мен Andres Teran кездесуі назар аудартады. Teran маусымда бұған дейін жеңілмеген Floyd Diaz-ды нокаутқа түсірген еді. Jaime Munguia-ны сенсациялық жеңісімен танылған Bruno Surace та кезекті сынақтан өтеді. Оның қарсыласы — әлі жеңіліп көрмеген Kamil Bednarek.

Бокс кеші АҚШ пен Канадада Paramount+ платформасында, Ұлыбритания мен Ирландияда Sky Sports арнасында тікелей көрсетіледі. Астана уақытымен алдын ала жекпе-жектер 14 қарашада сағат 18:00-де, негізгі кард 21:00-де басталады.

Дереккөздер:
Zuffa Boxing: Adames — Warburton жекпе-жегінің ресми анонсы
UFC: толық кард және трансляция кестесі
WBC: Adames-тің Nursultanov алдындағы міндеттемелері.

Photo Zuffa Boxing