​Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы Анауэль Нгамиссенге туралы не білеміз?

10 марта 2025 г.
​Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы Анауэль Нгамиссенге туралы не білеміз?

Кәсіпқой бокстың орта салмағында жұдырықтасатын даңқты отандасымыз, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) 5 сәуір күні елордадағы «Барыс Арена» көпсалалы спорт кешенінде кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – француз боксшысы Анауэль Нгамиссенге (14-0, 9 КО). Бұл боксшының есім-сойы тек қазақстандық бокс жанкүйерлеріне ғана емес, шетелдік жанкүйерлерге де аса таныс емес.

Жәнібек пен Анауэль Олимпиадада кездесуі мүмкін еді

Бір ай бұрын 29 жасқа толған француз Анауэль Нгамиссенге 1996 жылы Конго Демократиялық Республикасының астанасы Браззавиль қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен Францияға қоныс аударып, бокстың қыр-сырын «үш жолақты» елде жүріп үйренді. Бірақ Франция ұлттық құрамасы сапында негізгі құрамға еніп, халықаралық ірі жарыстарға қатыса алмады.

«Генерал болу – әр солдаттың арманы» дегендей, төрт жылда бір мәрте жер-жаһанды дүбірге бөлеп өтетін Олимпиада ойындарына қатысу да кез келген боксшының арманы. Боксқа қадам басқан әрбір былғары қолғап шебері осы ұлы арманмен өмір сүреді. Анауэль Нгамиссенгенің де боксқа келгенде басты арманы – Олимпиадаға қатысу болатын.

Анауэль сол арманын орындау үшін 2014 жылдары Конго Демократиялық Республикасы құрамасына қосылып, Рио Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарына қатыса бастады. Кейіннен лицензияға қол жеткізіп, 2016 жылы табаны Рио жеріне тиді. Бірақ Нгамиссенгенің Олимпиададағы ғұмыр-жолы тым қысқа болды. Жеребе сәтсіз болды деп айтуға болмайды, алайда өзінің де бабы келіспей, алғашқы айналымда сүрініп қалды.

Рио Олимпиадасында Жәнібек пен Анауэльдің жолы шаршы алаңда түйісуі әбден мүмкін еді. Тіпті жеребеде екеуі бір себетке де түскен. Алайда 75 келіде Анауэль бірінші айналымда алжирлік Ілияс Аббадимен жұдырықтасты. Егер Нгамиссенге бірінші айналымда алжирлік боксшыны жеңсе, екінші айналымда Жәнібекпен кездесетін еді. Өкінішке қарай, 1/32 финалда Анауэль Ілияс Аббадиден 3:0 есебімен жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Ал екінші айналымда дәл осы алжирлік боксшыны 3:0 есебімен еш қиындықсыз қапы қалдырды.

Нгамиссенгенің кәсіпқой бокстағы карьерасы қандай?

Шыққан тегі конголық француз боксшысы Рио Олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін де әуесқой бокста бірнеше жыл өнер көрсетті. Бірақ жанкүйерлерді қуантатындай ешқандай жарыста жетістікке жете алмады. Сөйтіп жүріп 2019 жылы біржола кәсіпқой боксқа бет бұрды. Әзірге қарқыны жаман емес. Алты жылда 14 айқас өткізіп, соның барлығында жеңіске жетті. 9 қарсыласын мерзімінен бұрын сұлатып салса, 5 айқасында төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен.

Кәсіпқой бокстағы ең алғашқы айқасын 2019 жылдың 19 қазанында сербиялық Сладжан Драгишичке қарсы өткізді. Францияда ұйымдастырылған бокс кешінде ол қарсыласын 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жалпы жекпе-жек 4 раундқа жоспарланған болатын.

Анауэль осыдан кейінгі жекпе-жектерінің бәрін Францияда өткізіп жүрді. Тек 2023 жылы ғана өз елінен жырақта, Польшада жұдырықтасты. Қарсыласы да карьерасындағы өзге боксшыларға қарағанда әжептәуір тәжірибелі болатын. Федор Черкашин Нгамиссенгемен жұдырықтасқанға дейін 22 кездесудің барлығында айқын басымдықпен жеңіп, соңғы үш кездесуін АҚШ-та өткізіп келген болатын. Әйгілі BoxRec сайты бұл жекпе-жекті 3 жұлдызға бағалаған. Польшаның Вроцлав қаласында өткен бокс кешінде екі боксшы да тамаша жекпе-жек көрсетіп, 8 раундтың қорытындысы бойынша Анауэль төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен.

Енді ол карьерасында екінші рет шетелде жұдырықтаспақ. Бірақ бұл жолғы қарсыласы Черкашин емес, орта салмақтағы екі белдіктің иегері, қазақтың батыры – Жәнібек Әлімханұлы.