Жеребе мен делебе – Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирі

3 марта 2020 г.
Жеребе мен делебе – Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирі

Бүгін Амманда Азия және Мұхит жағалаулары елдерінің лицензиялық турнирі басталып, ең әуелі жеребесі тартылды. Біздің жігіттердің жеребелері жеңілдеу түскен сияқты. Ешқайсысы да бірінші айналымда шаршы алаңға шықпайды. Тіпті бүгінгі түскі және кешкі сессияларда жұдырықтасатын қыз-жігіттер арасында біздің елден ешкім жоқ. «Енді қашан шығады» деп жанкүйерлеріміздің делебесі қозып отырған шығар. Ендеше бастайық:

52 келі. Сәкен Бибосынов Амман шаршы алаңына екінші айналымда, 7 наурыз күні шығады. Қарсыласы Танака (Жапония) – Усеналиев (Қырғызстан) арасындағы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы болады. Өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, үнді үміті Амит Пангалмен жартылай финалға дейін, ал әлем чемпионы, өзбек Шахобиддин Зоировпен финалға шейін жолы түйіспейді.

57 келі: Серік Теміржанов та Токио Олимпиадасының іріктеу турниріне екінші айналымда (7 наурыз күні) қосылады. Қарсыласы – Ирак боксшысы Джафар Аль Судани. Ширек финалдағы қарсыласы Папуа Жаңа Гвинеяның боксшысы Чанг болуы мүмкін. Осал емес. Ал жартылай финалда 2019 жылғы әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалиловпен жұдырық түйістіруі ықтимал.

63 келі: Закир Сафиуллин жігіттерден ең бірінші болып, шаршы алаңға шығады. Негізі, ол да бірінші айналымда рингке шықпайды. 5 наурыз күні Хайдер Карауи (Ирак) және Жун Шан (Қытай) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Жартылай финалда Азия чемпионы, тәжік Баходир Усмоновпен жолы түйісуі мүмкін. Ал финалға шықса, маңғол Чинзориг Баатарсухпен, Австралия үздігі Харрисон Гарсидпен немесе Өзбекстан қазағы Елнұр Әбдірайымовпен жолығуы кәдік.

69 келі. Абылайхан Жүсіпов 6 наурыз күні М.Баттумур (Моңғолия) және Т.Тсарумалингам (Катар) арасында жеңіске жеткен боксшымен кездеседі. Жартылай финалдағы қарсыласы жергілікті Иордания үміті (Zeyad Eashash) болып қалуы бек мүмкін. Ал финалға дейін сүрінбей жетсе, былтырғы әлем чемпионатында (жеңіс тұғырының үшінші сатысындада) өзімен қатар тұрған өзбек Бобоусмон Батуровпен немесе Азияның күміс жүлдегері, жапон С.Окадзавамен кездесетін шығар.

75 келі. Әбілхан Аманқұл 5 наурызда Б.Мирзомухаммад (Тәжікстан) және Ж.Ким (Корея) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Одан кейін, 8 наурызда өзбек Фанат Кахрамоновпен немесе жергілікті О.М.Эльсимринмен жолы түйісуі ықтимал. Жартылай финалда Азия чемпионатының қола жүлдегері, Иран боксшысы Сейедшахин Мусавимен кездесуі бек мүмкін. Ал финалға шықса, Филиппин саңлағы Эумир Марсьяльдан былтырғы әлем чемпионатындағы Тұрсынбай Құлахметтің есесін қайтару керек болады.

81 келі. 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов осы салмақтың серкесі ретінде тіркелген. Шаршгы алаңға 5 наурыз күні шығып, Джероме Пампелоне (Жаңа Зеландия) және Рен Утемура (Жапония) арасындағы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшының әуселесін байқап көреді. Амман рингінде Екатеринбург финалы қайталануы мүмкін де сияқты. Өйткені өзбек Дильшодбек Рузметовпен оған дейін жолы түйіспейді...

91 келі. Василий Левит рингке 8 наурызда шығып, ширек финалда Давлат Болтаев (Тәжікистан) және Ерденебаяр Сандагсурен (Моңғолия) жұбының жеңімпазынан емтихан қабылдайды. Ал бұдан кейін, яғни жартылай финалда (10 наурызда) былтыр Бангкокта өткен Азия чемпионатында өзін екі рет нокдаунға түсірген Корея тарланы Хьеон Гю Киммен кездесіп қалуы ықтимал. Бірақ оған әуелі (6 наурызда) Иордания үміті Хусейн Ишаишпен айқасу керек болады. Ол да осал емес, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Финалға шықса, өзбек Санжар Тұрсыновпен жолығып қалар...

+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев та 8 наурызда, ширек финалда бір-ақ шығатын болды. И.Рамезанпурделавари (Иран) және М.Айхемаити (Қытай) арасында бағы жанған алыппен кездеседі. Басты бәсекелесі, 2019 жылғы әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, өзбек Боходир Жалоловпен тағы да финалда жолығып қалар.

Әйелдер:
51 келі. Көрікті де, сымбатты Ангелина Лукас 7 наурыз күні Таиланд қызы Джитпонг Джутамаспен кездеседі.
57 келі. Сыр бойының сұлуы, Қазалының қызғалдағы Дәметкен Келімбет Қазақ елі қыз-жігіттерінің ішінен алғаш болып, Амман шаршы алаңына шығады. Ол ертең Қытай қызы Джунхуа Юньмен жұдырық түйістіреді.
60 келі. Тәжірибелі Римма Волосенко да Иордания рингінің көрігін ертең қыздырады. Ол үндістандық Симранджиткаур Баатпен кездесіп, бағын сынап көреді.
69 келі. Валентина Хальзова 6 наурыз күні Оңтүстік Корея аруы Сюеон Чоймен кездесіп, ширек финалға шығу құқығын сарапқа салады.
75 келі. Надежда Рябец те 6 наурызда бірінші жекпе-жегін өткізеді. Бапкерлер сенім артып отырған жас қызымыз «Қазақ – Өзбек бәсекесін» бастап, Навбакор Хамидовамен кездеседі.