Закир Сафиуллин Азияның күміс жүлдегерін жеңіп, финалға шықты

10 марта 2020 г.
Закир Сафиуллин Азияның күміс жүлдегерін жеңіп, финалға шықты
Фото - olympic.kz

Иорданияда өтіп жатқан Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы лицензиялық турнирде жартылай финалдық кезеңіне жетті. Рингке біздің боксшылардан бірінші болып Закир Сафиуллин шықты. 63 келі салмақ дәрежесіндегі тәжірибелі боксшымыз жергілікті Мохаммад Обада Әл-Касбехпен шайқасты.

Иә, бұл жекпе-жекті қиян-кескі шайқас десек те болар. 2019 жылғы Азия чемпионатында 64 келі салмақта бақ сынап, финалға шыққан Иордания үміті өзіне бек сченімді екен. Бірдан атойлап алға ұмтылды. 25 жастағы боксшы біздің Закирден жылдамдау қимылдады. Әрине, Сафиуллин де тізгін тартатын боксшы емес. Екеуі бірін-бірі тоқтаусыз тоқпақтаумен болды.

Екінші раундтан бастап, Закир басымдық таныта бастады. Обада Әл-Касбех үш раунд бойы өте жоғары қарқында жұдырықтасуға шыдай алмайтындай сыңай танытты. Бірақ қайтпайды екен. Тек Сафиуллинді бас салып, құшақтай беруін жиілетті. Үшінші раундта тура осы сарында өтті. Аракідік Закирдің бастырмалатып ұрған соққылары тартысты жекпе-жектің көрігін одан сайын қыздыра түсті.

Сонымен, шектен тыс шиеленісті өткен жартылай финалдық жекпе-жек аяқталды. Рас, «жеңісті ринг қожайынына беріп жібермес пе екен» деген қауіп те болды. Бірақ төрешілер қара қылды қақ жарып, 33 жастағы Закирдің басымдау болғанын мойындады. Тамаша. Есеп те осыны меңзейтіндей – 3:2 (29:28, 28:29, 29:28, 28:29, 29), Закир – финалда! «Астана Арландары» сапында шыңдалған Сафиуллин тағы да 1-2 раунд шайқасар еді...

Ал финалда ол Өзбекстан боксшысы, өзіміздің қандасымыз Елнұр Әбдірайымовпен жұдырық түйістіреді. Сөйтіп, Амман рингінде Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі қазақ боксшысымен кездеседі. Осы ретте, айта кетейік, бүгін Әбілхан Аманқұл Қытай құрамасының намысын қорғайтын Таңатхан Тоқтарбекпен шаршы алаң көрігін қыздырады.