«Қырықтың бірі қыдыр» немесе Уайлдердің карьерасындағы ТОП-5 төбелес
Кәсіпқой бокстағы карьерасында 40 жекпе-жек өткізіп, соның 39-ында қарсыласын нокаутқа түсірген Деонтей Уайлдер желтоқсанның 1-інде 41-ші айқасын өткізбек. Қарсыласы диюдай дәу Тайсон Фьюри. Осы айқастың қарсаңында америкалықтың карьерасындаңы ТОП-5 төбелесті еске алуды жөн көрдік.
Бұған дейін Тайсон Фьюридің де ғұмырындағы ең айтулы бес жекпе-жекке тоқталған едік. Бүгін Уайлдерге кезек келді.
№5. Деонтей УАЙЛДЕР – Одли ХАРРИСОН (Ұлыбритания)
27 сәуір, 2013 ж. (Шеффилд, Ұлыбритания)
Өзінің 28-ші жекпе-жегінде Деонтей Уайлдер Сидней Олимпиадасының чемпионы Одли Харрисонмен кездесті. Бұл 42-ден асқан британиялықтың «базардан қайтқан» шағы еді. Бұған дейін де алты рет жеңілген. Дегенмен, еншісінде 31 жеңісі бар тәжірибелі боксшы болатын. Ал жекпе-жек аңдысумен басталды. Екеуі де бір-бірінің қателігін тосып жүрген. Кенет Уайлдердің оң қолмен ұрған соққысы Харрисонды есеңгіретіп жіберді. Есін жинап үлгергенше болған жоқ, «Қола бомбардирдің» сериялық соққыларынан кейін Одли ринг бұрышына бесінші нүктесімен құлады. Рас, орнынан көтерілген. Бірақ, аяғынан нық тұра алмаған соң төреші жекпе-жекті бірінші раундта-ақ тоқтатуға мәжбүр болды. Ал Харрисон бұл жеңілістен кейін сол күйі шаршы алаңға шыққан жоқ.
№4. Деонтей УАЙЛДЕР – Бермейн СТИВЕРН (Канада)
17 қаңтар, 2015 жыл. (Лас Вегас, АҚШ)
Деонтей Уайлдер мен Бермейн Стиверн екі рет кездесті. Бірақ біздің рейтингімізге біріншісі кіріп отыр. Бұл Уайлдердің алғашқы чемпиондық айқасы болатын. Ал Стиверн бұған дейін бір рет қана жеңілген. Бірінші раундтан-ақ төбелес қызып кетті. Алайда, қарсыласына қарағанда әлдеқайда бойшаң Уайлдер канадалықты қасына бір елі де жақындатқан жоқ. Ұзын қолымен Стивернді алыстан-ақ «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Бесінші және жетінші раундтарда Стиверн нокдаун алды. Бірақ, чемпион орнынан көтеріліп, жекпе-жекті жалғастыруға шамасы жетті. Нәтижесінде 12 раундтың қорытындысы бойынша 118:109, 119:108 және 120:107 есептері тіркелді. Осылайша Уайлдер бірінші рет қарсыласын нокаутқа түсіре алмай кетті. Дегенмен, алғашқы чемпиондық белбеуіне қол жеткізді. Жекпе-жектен кейін Уайлдер бұл айқасты жарақатпен өткізгенін айтты. 2017 жылы екеуі тағы да төбелесті. Бірақ, бұл жолғы жекпе-жек екінші раундқа да жетпеді.
№3. Деонтей УАЙЛДЕР – Эрик МОЛИНА (АҚШ)
13 маусым, 2015 ж. (Бирмингем, АҚШ)
Чемпион атанғаннан кейін Деонтей Уайлдер белбеуін отандасы Эрик Молинаға қарсы жекпе-жекте қорғады. Алабамада өткен айқасты тамашалау үшін тұңғыш рет 10 мың көрермен жиналған. Кездесу толығымен Уайлдердің басымдығымен өтіп жатқан. Тым еркінсіп кетті ғой деймін, кенет Молина үшінші раундта есеңгіретіп тастады. Бұл Деонтейдің карьерасындағы алғашқы нокдаун еді. Бірақ, ары қарай тықсырта алмады. Есін жиған Уайлдер төртінші және бесінші раундта қарсыласын құлатты да, 9-шы раундта нокаутқа түсірді.
№2. Деонтей УАЙЛДЕР – Джеральд ВАШИНГТОН (АҚШ)
25 ақпан, 2017 ж. (Бирмингем, АҚШ)
Бір рет тең түскені болмаса, Джеральд бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Соққысы да жойқын болатын. Соған қарамастан көпшілік бұл кездесуде Уайлдер оп-оңай жеңіске жетеді деп ойлаған. Алайда, алғашқы үш раундты күтпеген жерден андердог өз еншісіне жазды. Төртінші раундта ғана еңсе тіктеген Деонтей басымдықты қолына алды да, бесінші раундта қарсыласын қатты соққысымен шаршы алаңға оңдырмай құлатты. Төреші сегізге дейін санап үлгергенше Вашингтон орнынан көтерілген. Дегенмен, төпелеген соққыларынан кейін рефери төбелесті тоқтатуға мәжбүр болды.
№1. Деонтей УАЙЛДЕР – Луис ОРТИС (Куба)
3 наурыз, 2018 ж. (Бруклин, АҚШ)
Соңғы рет Деонтей Уайлдер шаршы алаңға 2018 жылдың 3 наурызында шықты. Екеуі де карьерасында жеңіліс дегенді білмеген алыптар. Бірінші раунд аңдысумен өткенімен екінші раундтан бастап Луис Ортис қарқынын күшейтті де, бірінші нөмірмен жұдырықтасуға кірісті. Дегенмен, Уайлдердің қарымта шабуылдары да қауіпті еді. Бесінші және алтыншы раундтарда Ортис бір-бірден нокдаунға түсті. Бірақ, жетінші раундта кубалық боксшы қарқынын күшейтіп, қарсыласын әбден тықсыртты. Сегізінші раунд та кубалықтың еншісіне жазылды. Алайда, барлық күшін сарқып алса керек, 39 жасар Ортис әбден шаршап, төбелесуден қалды. Оныншы раундта Уайлдер қарсыласын құлатып, рефери арашалап алғанша тағы да төпелеп тастады. Егер Деонтей дер кезінде қаһарына мінбегенде ұталытыны анық еді. Өйткені, жекпе-жек тоқтатылған сәтте үш төрешінің пікірінше де жеңіліп жатқан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюридің төбелесі 1 желтоқсанда Лос-Анджелесте өтеді.