WBSS екінші маусымы. Жартылай финалдың жұптары анықталды

12 ноября 2018 г.
WBSS екінші маусымы. Жартылай финалдың жұптары анықталды

Дүниежүзілік бокс супер сериясының жартылай финалына шыққан боксшылардың барлығы анықталды. Енді 12 боксшы үшін ақтық айқасқа бір-ақ қадам қалды.

Әзірге жартылай финалдың қашан, қай жерде өтетіндігі белгісіз. Бұл туралы ұйымдастырушылар жақын уақытта ресми түрде хабарлауы тиіс. Дегенмен, келесі жылдың күзіне дейін өтетін жоба бізге қызықты жекпе-жектер сыйлайтыны анық. Сондықтан біз жартылай финалға шыққан барлық боксшыларды таныстырамыз.

Аса жеңіл салмақ дәрежесі (53,525 келіге дейін)

Нонито ДОНЭР, Филиппин (35 жас)WBA Super чемпионы

Золани ТЕТЕ, ОАР (30 жас)WBO чемпионы

Наоя ИНОУЭ, Жапония (25 жас)WBA regular чемпионы

Эммануэль РОДРИГЕС, Пуэрто-Рико (26 жас) – ІВҒ чемпионы

Бұл салмақта WBC мен The Ring чемпиондық белбеулері ғана вакантты. Иесі әлі табылған жоқ. Шыны керек, жартылай финалға шыққан төрт боксшы да бұл тұжырым бойынша ТОП-15 боксшының да қатарына кірмейді. Сондықтан, бұл белбеу Дүниежүзілік бокс супер сериясында сарапқа салына қоюы екіталай. Ал журнал белбеуін финалдың жеңімпазына ғана беретін шығар.

Нонито ДОНЭР (39-5, 25 КО) Золани ТЕТЕ (28-3, 21 КО)

Наоя ИНОУЭ (17-0, 15 КО) Эммануэль РОДРИГЕС (19-0, 12 KO)

Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі (63,503 келіге дейін)

Реджис ПРОГРЕЙС, АҚШ (29 жас) – WBC interim чемпионы

Кирилл РЕЛИХ, Беларусь (28 жас) – WBA чемпионы

Джош ТЕЙЛОР, Ұлыбритания (27 жас) – WBC silver чемпионы

Иван БАРАНЧИК, Беларусь (25 жас) – ІВҒ чемпионы

Бұл салмақта да кімнің фаворит екенін айту қиын. Дегенмен, өкініштісі, Дүниежүзілік бокс супер сериясының жеңімпазы қанша ышқынғанымен абсолютті чемпион бола алмайды. Себебі, WBC чемпиондық белбеуінің иегері Хосе Рамирес пен WBO чемпионы Морис Хукер бұл жобаға қатысқан жоқ. Алайда, көпшілік бұл квартеттің көшбасшысы ретінде Реджис Прогрейсті тануда. Расымен де, бәсекелестеріне қарағанда бұл боксшының оппоненттері мықты болған. Әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген де емес. Белоруссиялық Кирилл Релих оған қаншалықты бәсекелес бола алар екен?

Реджис ПРОГРЕЙС (23-0, 19 КО) Кирилл РЕЛИХ (23-2, 19 KO)

Джош ТЕЙЛОР (14-0, 12 КО) Иван БАРАНЧИК (19-0, 12 KO)

Ауыр салмақ дәрежесі (90,718 келіге дейін)

Майрис БРИЕДИС, Латвия (33 жас) – WBC diamond чемпионы

Кшиштоф ГЛОВАЦКИ, Польша (32 жас) – WBO interim чемпионы

Юниер ДОРТИКОС, Куба (32 жас) – Boxrec рейтингінде 7-ші орын

Эндрю ТАБИТИ, АҚШ (29 жас) – Boxrec рейтингінде 6-шы орын

Қатарынан екі жыл бір салмақта турнир өткізудің қаншалықты қажеті болғанына біздің де таңымыз бар. Расымен де, барлық белбеу қазір украиналық Олександр Усиктің қолында. Екінші маусымға ештеңе қалған жоқ. Жеңімпазға Мұхамед Әли кубогынан басқа ешнәрсе тимейтіні сөзсіз. Әйтсе де, ұйымдастырушылар барынша қызықты ету үшін осы маусымның жеңімпазына ең соңында Олександр Усикпен жекпе-жек ұйымдастырып бермекші. Ал бұл украиналықтың жоспарына кіре ме?

Майрис БРИЕДИС (25-1, 18 КО) Кшиштоф ГЛОВАЦКИ (31-1, 19 КО)

Юниер ДОРТИКОС (23-1, 21 КО) Эндрю ТАБИТИ (17-0, 13 КО)

Текст: Sadvakas Maikibayev