WBO 20 жастағы жас талант Мозес Итауманы рейтингте 1-орынға қойды

25 мая 2025 г.
WBO 20 жастағы жас талант Мозес Итауманы рейтингте 1-орынға қойды

WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) президенті Густаво Оливьери 20 жастағы британдық боксшы Мозес Итаума ұйымның суперауыр салмақтағы рейтингінде бірінші орынға көтерілгенін хабарлады. Бұл шешім 24 мамыр күні Глазгода өткен жекпе-жектен кейін қабылданды. Итаума Майк Бэлоганды мерзімінен бұрын жеңіп, WBO Inter-Continental белдігін кезекті мәрте қорғады.

«Мозес Итаума өзінің таланты, тәртіптілігі және көрерменге қызықты жекпе-жектері арқылы WBO рейтингінде жоғарылады. Қазір ол рейтингте бірінші орында, және бұл тек уақыт мәселесі — ол титул үшін жекпе-жек өткізіп, жаңа жұлдыз ретінде жарқырайды», — деп жазды Оливьери әлеуметтік желіде.

Бұған дейін Итаума рейтингте екінші орында тұрған, ал көш басында болашағынан үміт күттіретін австралиялық Джастис Хани болған. Ол 7 маусым күні WBA ұйымының уақытша титулы үшін Фабио Уордлиге қарсы жекпе-жек өткізеді.

WBO-ның суперауыр салмақтағы толыққанды титулы 19 шілде күні Александр Усик пен Дэниэл Дюбуа арасындағы жекпе-жекте сарапқа салынады. Осы кездесудің жеңімпазы кейін уақытша чемпион Джозеф Паркермен жұдырықтасуы тиіс.