WBC 55-ші Конвенциясы 2017 жылы Астанада өтеді

15 июля 2016 г.
WBC 55-ші Конвенциясы 2017 жылы Астанада өтеді

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Diamond Ring Promotions компаниясымен бірге 2017 жылы Астанада 55-ші World Boxing Council Конвенциясын өткізу мүмкіндіктерін жүзеге асырып жатыр.

Аталмыш конгрессті жоғары дейгейде өткізу үшін келіссөздер жүргізілді, енді барлық мәселелері мен шарттары егжей-тегжей талқыланып жатыр. Қазақстан боксшыларының кәсіпқой бокс әлеміндегі жетістіктері мен жеңістері, сондай-ақ есімдері төрткіл дүниеге мәшһүр Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Бекман Сойлыбаев секілді күрзі жұдырықты жігіттеріміздің дәл осы WBC рейтингтерінен ойып тұрып, орын алып отырғандары, осындай игілікті  істі қолға алуға ұласып отыр.

Негізі, Конвенция бірнеше модулдерден тұрады және бірнеше күнге созылады. Соның ішінде, кәсіпқой боксшыларды шаршы алаңдағы және шынайы өмірдегі ерен жетістіктері үшін мемориалдық белдіктерімен және арнайы сыйлықтармен марапаттау рәсімі де ашылу салтанатының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ Конвенция аясында ең үздік бокс кештері де өткізіледі.

WBC Конвенциясы – өз салмақтарындағы ең үздік және әйгілі боксшылардың, төрткіл дүниеге танымал қайраткерлердің, менеджерлердің және промоутерлердің, тәжірибелі төрешілер мен супервайзерлердің, сондай-ақ медицина саласы мен еріктілер (волонтерлер) ұйымы спикерлерінің басын бір уақытта, бір жерге шоғырландыратын маңызды шара.

Кәсіпқой бокс әлеміндегі осындай ауқымды оқиға Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылады. WBC басшылары Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы мен Diamond Ring Promotions компаниясының 2017 жылғы Конвенцияны Астана қаласында өткізу жөніндегі ынта-ниетін қабыл алып, келісімдерін берді.

Осы ретте айта кетейік, өз кезегінде бұл Конвенция 55-ші, мерейтойлы басқосу болады. Ал биылғы Конвенция 11 желтоқсан күні Майамиде басталып, сегіз күнге созылады. Қатысушыларды тіркеу рәсімі WBC сайтында басталып та кеткен.