Василий Ломаченко Бекман Сойлыбаевтың салмағынан ауыспақ

5 декабря 2017 г.
Василий Ломаченко Бекман Сойлыбаевтың салмағынан ауыспақ

Желтоқсанның 9-ы күні украиналық Василий Ломаченко соңғы рет екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі жекпе-жегін өткізбек. Одан кейін «Хай-Тек» жеңіл салмаққа ауысуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы Ломаченконың промоутері Боб Арум мәлімдеді. Арумның журналистерге берген сұхбатына сүйенсек, 2018 жылдан бастап Василий Ломаченко толыққанды жеңіл салмаққа көшіп, жаңа чемпиондық белбеулерге таласпақ көрінеді. Сондай-ақ, Ломаченко Орландо Салидомен қарымта айқас өткізгісі келеді екен. Естеріңізге сала кетейік, Ломач кәсіпқой бокста 9 рет шаршы алаңға көтеріліп, сегізінде жеңіске жеткен. Жеті қарсыласын нокаутпен ұтқан. Тек мексикалық Орландо Салидодан ғана жеңілген.

– Біз Салидоға кезекті рет ұсыныс жібереміз. Бірақ ол Ломаченкомен төбелескісі келмейтін секілді. Өйткені, Салидо әрдайым біздің ұсынысымызды қабыл алғандай болады да, жеме-жемге келгенде талаптарын күшейтіп, гонорарын ақылға қонбайтын суммаға дейін көтеріп жібереді, – деді Боб Арум.

Жалпы, Ломаченко бұған дейін де салмақ ауыстырып, 2014-2016 жылдар аралығында WBO тұжырымы бойынша екінші жартылай салмақ дәрежесінің белбеуін иеленген. Одан кейін екінші жартылай жеңіл салмаққа көшіп, тағы да сол тұжырымның чемпиондық атағын жеңіп алды. Енді толыққанды жеңіл салмаққа көшпек.

Айта кетейік, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев жұдырықтасады. Екеуі 2017 жылдың қысында Лос-Анджелесте спаррингтік жекпе-жек өткізген. Қазір Бекман WBC International тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтың чемпионы. Ал жеңіл салмақта еліміздің тағы бір боксшысы Айдар Шәрібаев бар.

Ал желтоқсанның 9-ы күні Василий Ломаченко кубалық «қара маржан» Гильермо Ригондомен шаршы алаңға шығады. Бұл жекпе-жек Нью-Йоркте өтеді.

Текст: Sadvakas Maikibayev