Варгас VS Тапалес: Сойлыбаевтан жеңілген мексикалық боксшы Санта Крус пен Ривер жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсетеді
Алдағы сенбі, 16-ақпанда мексикалық джорнимен Фернандо Варгас Парра (34-14-3, 23 KOs) ең жеңіл салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, филлипиндік Марлон Тапалеспен (31-2, 14 KOs) Лос-Анджелестегі (АҚШ) Microsoft Theater аренасында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады.
Қарсыластар WBA (Super) тұжырымының жартылай жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Лео Санта Крус пен белбеуге үміткер Рафаэль Ривер жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсетеді.
30 жастағы Варгас пен 26 жастағы Тапалес жартылай жеңіл салмақ дивизионында қолғап түйістіреді. Мексикалық соңғы екі кездесуін жеңіл салмақта өткізіп, екеуінде де мерзімінен бұрын жеңіске жеткен болатын. Бұған дейін Фернандо екі рет қатарынан жеңісті қолдан берген. Өткен жылдың наурыз айында оны Golden Boy Promotions-тің жас жұлдызы Райан Гарсия алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберсе, ал 2017 жылдың қазан айында Варгас отандасымыз Бекман Сойлыбаевтан төрешілердің шешімімен жеңіліс тауып, екінші жартылай жеңіл салмақтағы құрлықаралық чемпиондық белбеуінен айырылған еді.
WBO тұжырымы бойынша ең жеңіл салмақ дивизионының чемпиондық титулының иегері Тапалес болса, салмағы шектеулі межеден асқаны үшін бұл атақтан айырылған болатын. Өткен жылы ол салмағын бір сатыға көтеріп, алғашқы раундта танзаниялық Гудлак Мреманы нокаутқа жіберген еді.
Варгаспен өтетін кездесу филлипиндік үшін 126 фунт (57,153 кг) салмақ дәрежесіндегі дебют болмақ.