​УНИФИКАЦИЯ? Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес арасында келіссөздер басталды

18 апреля 2025 г.
​УНИФИКАЦИЯ? Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес арасында келіссөздер басталды

Орта салмақтағы екі үздік боксшы – IBF және WBO чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) бір рингте кездесу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы танымал доминикандық Broadway Joel подкасты өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Жәнібек пен Карлостың арасында белгілі бір тарих бар. Бұған дейін олар спарринг өткізген. Адаместің айтуынша, бастапқыда 6 раундтық жаттығу жоспарланған, алайда Әлімханұлы 3 раундтан кейін жалғастырудан бас тартқан. Әрине, қазақстандық боксшының бұл жағдайға қатысты өз нұсқасы бар.

Унификация жекпе-жегі жайлы келіссөздерге WBC ұйымының Адамеске басқа бір қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен міндетті жекпе-жегін бұйырғаны да әсер етіп отыр.

Жәнібек пен Адамес арасындағы жекпе-жек промоутерлер Боб Арум (Top Rank) мен Эл Хэймон (PBC) бірігіп, Түркия Аль аш-Шейхтің бокс саласындағы экспансиясына қарсы әрекет ету үшін келісімге келгеннен кейін ғана мүмкін.

«Маған үшінші титул қажет. Қазір мені басқа еш жекпе-жек қызықтырмайды, тек үшінші белбеуді алуға мүмкіндік беретін кездесу керек. Адамес, мен өз менеджеріме тек сенімен жекпе-жек өткізгім келетінін айттым. Енді кезек сенікі. Өзіңнің командаңмен сөйлес. Жекпе-жек өткізейік. Ешқандай сылтау мен кейінге қалдыру болмауы керек. Көрермендер не қалайтынын берейік!» — деп мәлімдеді Жәнібек Әлімханұлы.

Соңғы жекпе-жектер

Бұған дейін Карлос Адамес міндетті қарсыласы ұлыбританиялық Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізді. Сол кезде төрешілер Ширазды айтарлықтай «сақтап қалып», жекпе-жек тең есеппен аяқталған еді.

BoxingScene порталына берген сұхбатында доминикандық чемпион былай деді:

«Командам егер Ширазды жеңсем, Жәнібекпен жекпе-жекке шығатынымды айтты. Келесі кездесуімді дәл сол Жәнібекпен өткізетін шығармын деп ойлаймын. Бұл — мен армандаған жекпе-жек. Бұл жолы сол мүмкіндікті аламын деп сенемін. Алимханұлы — мықты боксшы. Бірақ мені жеңетіндей мықты деп ойламаймын», — деді Адамес.

Ал Жәнібек Астанадағы бокс кешінде франциялық боксшы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) 5-раундта нокаутқа жіберіп, белбеулерін сәтті қорған қалған еді.