Әуесқой бокстан командалық әлем кубогы Ресейде өтеді
Ресей бокс федерациясы командалық әлем кубогын өткізу туралы ұсыныс жасап, Халықаралық бокс қауымдастығының басшыларына жіберген сыңайлы. Жақында AIBA басшысының міндетін атқарушы Мохамед Мустасан Ресей бокс федерациясының Бас хатшысы, AIBA-ның Атқару комитеті мүшесі Умар Кремлевтің атына ресми хат жіберген.
Онда Ресейдің бұл бастамасы өздеріне ұнағанын мәлімдеген. Әрі Будапеште өткен AIBA Атқару комитетінің кезектен тыс мәжілісінде осы ұсыныс дауысқа салынып, бірауызды шешіммен 2020 жылғы әлем кубогы Ресейде өтетін болып бекітілгенін баяндаған.
Бұл турнир «Бокс бейбітшілікті қалайды» айдарымен Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылатын көрінеді. Командалық әлем кубогы Ресейдің сегіз қаласында өткізіліп, финалы Нижний Новгород қаласында болады екен. Өткізілу ережесі мен тәртібі кейінірек жарияланатын болыпты.
Естеріңізге сала кетейік, әлем кубогы бірінші рет 1979 жылы Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» аренасында өткен. 1998 жылға дейін жекелей сында өтіп, 2002 (Астанада), 2005 (Мәскеуде) және 2006 (Бакуде) жылдары командалық сайыс түрінде ұйымдастырылды. Соңғы рет 2008 жылы Мәскеуде өткен болатын.
Айтпақшы, ерлер арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионаты Белградта өтетін болыпты. Сербия бокс федерациясының президенті Александр Вучич келесі жылғы қазан айына жоспарланып отырған бүкіләлемдік біріншілікті жоғары деңгейде ұйымдастыратындықтарын мәлімдеген. Ал әйелдер арасындағы әлем чемпионатының қай елде өтетіні әлі белгісіз.