​Әуесқой боксқа қайта оралған боксшылар

11 июля 2024 г.
​Әуесқой боксқа қайта оралған боксшылар

Қазақстан бокс спорты бойынша әлемдегі жетекші елдің бірі екені ешкімге жасырын емес. Жерлестеріміз кәсіпқой бокста да, әуесқойлар арасындағы бәсекелерде де үздік нәтиже көрсетіп жүр. Дегенмен, кейінгі жылдары әуесқой бокстың бар биігін бағындырып, кәсіби бокс кештерінде өнер көрсету үшін мұхит асқан былғары қолғап шеберлеріміз бірінен соң бірі әуесқой боксқа қайта оралып жатыр.

Әр боксшының ұлттық құрамаға оралуының түрлі себебі бар. Бірі бала күнгі арманы – Олимп шыңын бағындыру мақсатында әуесқой боксқа қайта келсе, екіншілері кәсіпқой бокста бағы жанбағандықтан кері қайтуға мәжбүр. Ал үшінші бір топ бокста жиған-терген бар тәжірибесін жастармен бөлісу үшін, өзінен кейінгілерге үлгі көрсету үшін келіп жатыр. Ring.kz порталы назарларыңызға кәсіпқой боксқа ауысып, кейіннен әуесқой боксқа оралған танымал ТОП-5 отандық боксшыны ұсынады.

Абылайхан Жүсіпов (4-0)

Рио және Токио Олимпиадасына қатысқан, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс медаль иегері Абылайхан Жүсіпов жуырда әуесқой боксқа қайта оралғанын мәлімдеді. 2021 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін Қарағанды бокс мектебінің түлегі кәсіпқой боксқа ауысып, бүгінге дейін 4 жекпе-жек өткізіп үлгерген болатын.

Боксшы өзінің әуесқой боксқа оралуын кәсіпқой бокста жиған тәжірибесін жастармен бөлісіп, оларға үлгі көрсеткісі келетінімен түсіндірді.

«Олимпиададан кейін кәсіпқой бокста 2 жыл тәжірибе жинап, Қарағанды облысының бокс федерациясы және спорт басқармасының шақыруымен әуесқой боксқа қайта оралып жатырмын. Жинаған тәжірибемді туған өлкемде бөлісіп, Қарағандыда өсіп келе жатқан жас боксшыларға үлгі көрсетіп, оларды алға талпындырамын деген ойдамын. Қарағанды облысынан әлі де талай-талай Олимпиада қатысушысы мен чемпионды шығады деген ойдамын. Қарсыластарым, дайын болыңдар, мен өзімді көрсетуге дайынмын», - деп жазды Абылайхан Жүсіпов өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

Бекзат Нұрдәулетов (6-0, 2 KO)

Әуесқой бокстан 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында топ жарған Бекзат Нұрдәулетов те Токио Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа ауысып, былтыр ұлттық құрамаға қайта оралған болатын. 81 келі салмақта өнер көрсететін ақтаулық боксшы Ресейдегі әлемдік доданың жартылай финалында атақты Куба боксшысы, сол кездегі екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар ла Крусты нокдаунға жіберіп, финалда өзбек Дилшодбек Рузметовті ұтқан еді.

Бекзат кәсіби бокстан әуесқойлар арасына қайта оралу себебін ел намысын ірі жарыстарда қорғағысы келетінімен түсіндірген еді. «Әрине, кәсіби бокстан түбегейлі кеткенім жоқ. Ол жақта да алатын асуым, шығар биігім бар. Ал Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң қатарға қосылу оңай болмады. Психологтармен жұмыс істедім. Бапкерлерім көмектесті. Токио ойындары мен үшін үлкен сабақ болды», - деген еді өзінің бір сұхбатында.

Бекзат Нұрдәулетов 2021 жылдан бері кәсіпқой бокста 6 айқас өткізіп, соның барлығында жеңіске жетті. Екі қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқанын да айта кеткен жөн. Ол кәсіпқой шаршы алаңдағы ең кейінгі кездесуін 2022 жылдың 1 қаңтарында өткізген еді.

Тұрсынбай Құлахмет (6-1)

Қызылордалық талантты боксшы Тұрсынбай Құлахмет – кәсіпқой бокста бақ сынап, кейіннен ұлттық құрамаға оралған боксшы. 75 келі салмақта өнер көрсеткен Құлахмет ел ішінде болашағынан көп үміт күттіретін, Олимпиадада жүлде салатын боксшының біріне баланды. 2013 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жетіп, бір жылдан кейін студенттердің әлем чемпионатында күміс алды.

Ересектер арасындағы алғашқы ірі жетістігіне 2017 жылы қол жеткізді. Бакуде өткен Ислам ынтымақтастық ойындарына қатысып, 75 келі салмақта топ жарды. 2019 жылы қатарынан екі ірі жарыста жүлдегер атанды. Алдымен Азия чемпионатында үздік шыққса, кейін әлем чемпионатында бақ сынап, қола жүлдені мойнына тақты.

Токио Олимпиадасына бару мүмкіндігінен айырылған соң Тұрсынбай 2020 жылдың 23 тамызында кәсіпқой боксқа ауысып, алғашқы жекпе-жегін өткізді. Содан кейін де отандасымыз алты рет шаршы алаңға көтеріліп, бес мәрте жеңіске жетті. Тек бір айқасында қарсыласына есе жіберді. Соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың желтоқсанында өткізіп, франциялық қарсыласынан ұпай санымен басым түсті. Ал қазіргі таңда ұлттық құрама сапында жаттығып жүр.

Бек Нұрмағанбет (11-0, 9 KO)

Түркістан бокс мектебінің түлегі Бек Нұрмағанбет жастайынан танылып, отандық бокс жанкүйерлерінің де, мамандарының да назарын өзіне аудартты. 2016 жылы Ресейде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, кейіннен ересектер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ бірнеше халықаралық турнирдің жүлдесін жеңді. 2018 жылы Ақтауда ұйымдастырылған ел біріншілігінде 81 кило салмақта жеңімпаз атанып, Қазақстанның бірінші нөмірлі боксшысы атанды. Алайда жарақатына байланысты 2019 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмады. Оның орнына Бекзат Нұрдаулетов бақ сынап, әлем чемпионы атанды. 2020 жылы Нұрдәулетов Аммандағы Олимпиадаға іріктеуге барып, Токио жолдамасын жеңіп алды. Осылайша, Бектің Олимпия ойындарына барамын деген арманы тағы 4 жылға шегерілген соң бірден бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бел буған еді.

Алайда 2021 жылы Олимпиададан кейінгі әлем чемпионатына қатысу үшін Бек ұлттық құрамаға оралып, жаһандық додада бақ сынады. Бірақ оның ұлттық құрамаға оралған қадамы сәтті бола қойған жоқ. Сербиядағы аламанның алғашқы айқасында-ақ жеңіліп қалды. Кейіннен біржола кәсіпқойға кетті. Қазіргі таңда ол кәсіпқой бокста 11 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Осыдан бірер күн бұрын кәсіпқой бокста Бек Нұрмағанбеттің ісін жүргізетін отандық «Suleimen Promotions» компаниясы өз жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.

Данияр Елеусінов (11-0)

Әуесқой боксшы алуға тиіс болған жүлде мен марапаттың барлығын еншілеген Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасынан кейін аустралиялық MJA Entertainment промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасып, кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Алайда, олар уәдесінен тайып, кейін келісімнен бас тартқан. Сөйтіп 2017 жылдың жазында Елеусінов ұлттық құрамаға қайта оралғанын мәлімдеп, Токио Олимпиадасына қатысуға ниетті екенін жеткізген.

Ал 2018 жылдың наурыз айында екінші рет кәсіпқой боксқа ауысқанын мәлімдеп, британиялық танымал промоутер Эдди Хирнмен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Matchroom Sport промоутерлік компаниясының қоластында Данияр 10 айқас өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. 2020 жылғы жекпе-жегінде Джулиус Индонгомен шаршы алаңға шығып, IBF Inter-Continental белдігін иеленді. Осыдан кейін Эдди Хирнмен арадағы келісімшарт аяқталып, 2021 жылдың соңында Астанада бір кездесу өткізді. Сол уақыттан бері Елеусінов бірде-бір рет шаршы алаңға көтерілген жоқ. Қазіргі таңда АҚШ-та жаттығу жасап жүр. Кәсіпқой боксқа оралатын уақыт та алыс емес сияқты.