Теренс Кроуфорд жаңа салмақты бағындыруға кірісті
Бірінші жартылай орта салмақтың абсолютті чемпионы болған Теренс Кроуфорд жаңа салмақты да бағындыруға кірісті. Бүгін таңертең Лас-Вегаста өткен жекпе-жек кешінде аустралиялық Джефф Хорнды нокаутқа түсірген ол жартылай орта салмақтағы WBO чемпионы атанды.
Шынын айтуым керек, бұған дейін Теренс Кроуфордтың жекпе-жектерінің «хайлайттарын» ғана қарағаным болмаса, ешбір жұдырықтасуын толық тамашаламаппын. Өткен жылы намибиялық Юлиус Индонгоға қарсы айқасын асықпай отырып қарамақ болған едім, алайда оны үш раундтан асырмай тастады. Сондықтан, америкалықтың шеберлігіне толыққанды баға беруім үшін осы жекпе-жекте Джефф Хорн ұзағырақ шыдаса екен деп тілегенім де рас.
Тылсым әңгімені жақсы көретін ағаларымыздан «адам өткен өмірінде жануар болған» деген аңызды естіп жатамыз ғой. Бұл рас болса, өткен өмірінде Кроуфорд әбжылан болған шығар. Мангустпен шатысқан әбжылан болуы да ғажап емес. Иә, шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнеріне қарап, осындай ойға шомдық. Рас, бастапқы раундтарды Теренс екінші рөлде өткізіп, қарсыласына шабуылдауға мүмкіндік беріп жатты. Алайда, аустралиялыққа қарағанда соққылары өтімдірек болып, Хорнның бет-аузын көкке бояп жатты. Ал алтыншы раундтан бастап қарқынын күшейте түскен Кроуфорд қарсыласына оң қолмен де, сол қолмен де құлаштап соққылар жұмсап, әбден әуселесін шығарды. Тоғызыншы раундта америкалықты тоқтату тіптен мүмкін болмады. Бірден нокдаунға түсірді. Есін жиып үлгермеген Джефф Хорнға қайта тап беріп, онсыз да қауқары қалмаған боксшыны бір бұрышқа тығып, тоқпақтады. Ортаға төреші араласпағанда Хорн жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығар ма еді. Қайта рефери де тәжірибелі екен, жекпе-жекті бірден тоқтатты.
Осылайша Теренс Кроуфорд аустралиялыққа тиесілі WBO белбеуін тартып алды. Енді өзге тұжырымдардың чемпиондарына да кезек келетін шығар. Естеріңізге сала кетейік, жартылай орта салмақта WBA чемпионы Кит Турман, IBF чемпионы Эррол Спенс, ал WBC тұжырымында белбеу вакантты.